Солтүстікқазақстандық полицейлер скутер не велосипед тізгіндемес бұрын жолда жүру ережелерін мұқият қарап шығуға кеңес береді. Өйткені, аталған көлік жүргізушілері жиі талап бұзып жатады, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Өткен жылы облыс жолдарында скутерлердің қатысуымен 4 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Салдарынан, 5 адам зардап шеккен. Осы себептен, полицейлер барынша сақ болуға шақырады: ата-аналар балаларын жаңа көлікпен қуантпас бұрын ұл-қыздарының жолда жүру ережелерін жеткілікті деңгейде білетіндігіне көз жеткізгені абзал. Рөлге 14-16 жастан бастап қана отыруға рұқсат. Велосипед, скутер немесе самокатпен жолаушыларды тасымалдауға болмайды.
«Кейбір велосипед жүргізушілері жаяу жүргіншілер жолағынан өте береді. Көліктермен қатарласа жүріп, бағдаршамның қызыл шамына тоқтамайтындар да бар. Бұл — өрескел қателік. Сондай-ақ, қорғаныс шлемінсіз жүру қауіпті екенін де айтқым келеді. Бұл үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған», — деді СҚО ПД ЖПҚБ бастығы Айдын Байматов.
Тағы оқыңыз: Колледж студенттері оқып жүріп ақша таба алады