Қазіргі таңда облыстағы барлық 86 мектеп физикалық күзетпен қамтамасыз етілген. Облыстық департамент қабырғасында күзет қызметін адал атқармайтын жеткізушілер мәселесі қаралды, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Бұл мәселе полиция қызметкерлері, мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдері, білім беру саласының қызметкерлері және жекеменшік күзет ұйымдарының басшыларымен бірлесіп талқыланды. Күн тәртібіндегі негізгі түйткіл — білім беру ұйымдарында күзет қызметтерін сатып алуға қатысты енгізілген жаңашылдықтар болды. Аталған нормалар өткен жылы ҚР Оқу-ағарту министрлігінің бұйрығымен бекітілген.
Жаңашылдықтар мектептерге, колледждер мен балабақшаларға күзет қызметтерін мемлекеттік сатып алу барысында баға ұсыныстарын сұрату тәсілін емес, ашық конкурс тәсілін қолдануға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде білім беру ұйымдарына біліктілік талаптарын нақты белгілеуге және адал емес жеткізушілерді іріктеуден алып тастауға жол ашады.
«СҚО ПД күзет қызметін бақылау бөлімінің бастығы Қанат Әлімжановтың айтуынша, қазіргі уақытта облыстағы 86 мектеп физикалық күзетпен қамтамасыз етілген. Жалпы алғанда, 2025 жылы өңірдегі жекеменшік күзет құрылымдары құқықтық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге елеулі үлес қосты. Атап айтқанда, 15 қылмыстың ашылуына қатысып, 94 әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады, 150-ден астам адамды ұстап, ішкі істер органдарына жеткізді.
«Балалардың қауіпсіздігі — барлық мүдделі құрылымдардың нақты үйлесімді жұмысын талап ететін басым міндет. Мемлекет пен адал бизнестің ресурстарын біріктіру — білім беру ортасында «Заң мен Тәртіпті» нығайтудың жалғыз жолы. Мұнда әрбір баланың қауіпсіздігі басты өлшем болып табылады», — деп атап өтті кездесуге төрағалық еткен СҚО ПД бастығының орынбасары Марат Жұмалиев.
Тағы оқыңыз: Президент: «Қыз алып қашу — адам ұрлау деген сөз»

