Петропавлда су басқан аудандарды дезинфекциялау және дератизациялау жұмыстары жалғасып жатыр. Қазір Былғары зауытында жәндіктер мен кенелерді және кеміргіштерді жою үшін аумақта өңдеу жұмыстары жүргізілуде, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Дезинфекциялау жұмыстары тұрғындар арасында түрлі жұқпалы аурулардың алдын алу мақсатында жүргізіледі. Қалалық әкімдік арнайы компаниямен келісімшарт жасасқан. Мамандар су кеткен үйлерді өңдеп, кейін көшелерді дезинфекциялауға кірісті. Бригадада 10 адам жұмыс істейді. Қажетті техниканың барлығы бар.
«Былғары зауыты ауданын өңдеуді кеше бастадық. Бүгін таңертең 66 үйді аралап үлгердік. Мұнда шаруа аяқталды. Ал түстен кейін Ойқала ықшам ауданында өңдеу жұмыстарын жүргіземіз», — деді мердігер ұйымның басшысы Алмат Сүлейменов.
Мамандар дезинфекция жүргізілгеннен кейін тұрғындарға бір сағатқа дейін үйіне кіруге болмайтынын ескертеді. Айта кетейік, түрлі жұқпалы аурулардың алдын алу мақсатында Петропавлдың барлық су басқан аудандарына дезинфекциялау және дератизациялау жұмыстары жүргізілетін болады.
Тағы оқыңыз:Қазақстанда бұрынғы уақыт белдеуі қайтарылуы мүмкін бе?