Ботай қонысының біз білмейтін сырын ашу — ұрпақ міндеті. Тарихи мекенді одан әрі әлемге таныту мақсатында Петропавлда халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Шара «Ботай — ұлы дала мәдениеті» деп аталды. Алқалы жиынға ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ермек Көшербаев, облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов қатысты.
Қазір қоғамда алып-қашпа әңгіме көп. Кейбірі жылқы алғаш рет қазақ даласында қолға үйретілгеніне сенбейді. Қонысты 20 жылдан астам зерттеп келе жатқан Зейнолла Самашев археологиялық жұмыстар кезінде табылған ыдыстардың түбінен жылқы сүтінің нәлін тапқан. Егер ботайлықтар биені сауып, саумал сапырса, Қамбар ата төліне жүген салынғаны даусыз.
«Ботай қонысында ғылыми мәселелер жетерлік. Нақты уақыты мен тараған аумағы әлі күнге дейін беймәлім. Ғалымдардың көбі Ботайда жабайы жылқылар өмір сүрді деп жатады. Бұл айтылған сындар керісінше жұмысымызға серпін береді»-, деді тарих ғылымдарының докторы Зейнолла Самашев.
Жиынға қатысушылар оқылған әр баяндамадан ерекше әсер алды. Өзара тәжірибе алмасып, білімдерін толықтырды. Алдағы уақытта қазақстандық археологтардың алдыңда Ботай қонысын туристік сапар орталығына айналдыру міндеті тұр. Сол үшін олар жергілікті әкімдіктен аталған аумақтағы инфрақұрылымды дамытуды сұрады.
Тағы оқыңыз: Петропавлда «Табиғат трендте» атты экологиялық акция өтті