Биыл Жамбыл ауданына Еуропадан гольштейн тұқымды ірі қара мал әкелінеді. Мұнда 400 басқа арналған тауарлы сүт фермасы ашылмақ. Бұл туралы аудан әкімі Азамат Бектасов халық алдындағы есеп беру кездесулері барысында айтты, деп жазады Qazaqstan Media тілшісі.
Жамбыл ауданының әкімі халық алдындағы дәстүрлі есеп беру кездесулерін бастап кетті. Бүгінгі күнге дейін Азамат Бектасов 20 елді мекеннің тұрғындарымен кездескен.
2024 жылы ауданда 67 млрд 531 млн теңгенің ауыл шаруашылығы өнімдері өндірілген. Бұл салада ауданның экономикалық белсенді халқының 45% — дан астамы жұмыс істейді.
Былтыр ауданның жер емген шаруалары 457 мың тонна астық жинаған. Гектар берекелігі 19,7 центнерді құраған. Майлы дақылдардың да өнімділігі жақсы болған. Мұндай көрсеткіштерге жету үшін диқандар барлық қажетті агротехникалық іс шараларды өткізген. Агроқұрылымдар жыл сайын машина-трактор паркін жаңартып отырады. Былтыр аграрийлер 4 млрд 541 млн теңгеге 151 ауыл шаруашылығы техникасын сатып алған. Бұл жұмыс биыл да жалғасын табады.
Сондай-ақ биыл аудан орталығында 400 басқа арналған тауарлы сүт фермасы ашылмақ.
«Биыл Пресновка ауылындағы «Агротехника Жамбыл» ЖШС тауарлы сүт фермасының құрылысын аяқтайды. Жоба құны – 2,4 млрд теңгені құрап отыр. Кәсіпорын «Солтүстік» ӘКК-нен 800 млн теңге кредит алды. Оған сиырларды саууға арналған жабдықтар сатып алынды. Сондай-ақ Еуропадан гольштейн тұқымды ірі қара мал әкеледі деп жоспарланған», — деді жоспарларымен бөліскен аудан әкімі Азамат Бектасов.
Өнеркәсіп саласында да ауыз толтырып айтарлық жетістіктер бар. Былтыр кәсіпорындар 2,4 млрд теңгенің өнімін шығарған. Ал аудандағы «Династия Агро» ЖШС шығарылатын зығыр, күнбағыс және рапс майы Қытай, Жапония, Ресей және Польшаға экспортталады.
Соңғы үш жылда аудандық маңызы бар жолдарды орташа және ағымдағы жөндеуге 2,9 млрд теңге бөлініп, 100 шақырымға жуық жол жөнделген. Ал биыл аудандық жолдарды қалыпқа келтіруге 450 млн теңге қаржы бөлінген.
Бүгінде ауданның 42 елді мекені сапалы ауыз сумен қамтылған. Бұл аудан халқының 87% -ын құрайды. Ауданда орталықтандырылған ауыз сумен қамтылмаған әлі алты елді мекен бар. Ол — Баян, Айтуар, Қарағаш, Ястребинка, Симаки және Ольговка ауылдары. Мұнда тұрғындар құдық пен ұңғымалардан алынған суды пайдаланады.
«Айтуар, Баян ауылдарына суды тазартудың кешенді блок-модульдері сатып алынды. Дәл осындай құрылғыны Кабань және Симаки ауылдарына орнату үшін қаржы бөлінген. Сондай-ақ облыстық бюджеттен су құбыры желілеріндегі апаттарды жою үшін арнайы техника сатып алуға 40 млн теңге қаржы берілді. Тимирязев ауданы Целинное ауылынан Озерное ауылына дейін топтық су құбырын салу үшін сметалық жобалық құжаттама әзірленуде. Бауман ауылының тұрғындары (23 аула) «Qranary Kazakhstan» ЖШС есебінен суға қосылған», — деді өз баяндамасында Азамат Бектасов.
Халықты толғандырған мәселелер
Нақ осы су мәселесін есептік кездесулерде тұрғындар көп көтерген. Айталық, Озерное ауылының халқы су бағасының лезде қымбаттағанын айтып шағымданды.
«Бұл мәселе мәслихаттың сессиясында шешілді. «Жамбыл су» ЖШС желілерге қызмет көрсетеді, жөндеу жұмыстарымен айналысады. Сондықтан баға көтерілді. Бұл суды үнемдеу үшін де жасалып отырған шара. Өйткені, көпшілігі малды да осы сумен суарады. Бірақ ол үшін техникалық суды қолдануға болады. Әр үйдің қасында құдықтар бар. Айта кету керек, биыл Озерное ауылында санация әдісі арқылы су таратушы құбырларды қалпына келтіру жоспарланған. Сондай-ақ тоғыз колонка да ретке келтіріледі», — дейді аудан әкімі.
Бұдан бөлек, тұрғындар көшелерді жарықтандыру, қаңғыбас иттер мәселесін көтерген.
Айта кетейік, Азамат Бектасов осы уақытқа дейін 20 елді мекенде болып, есептік кездесу өткізген. Алда тағы төрт ауылдың тұрғындарымен кездеседі. Жиыннан соң Жамбыл ауданының әкімі жеке қабылдау өткізіп, тұрғындардың сауалдарына жауап береді.

Тағы оқыңыз: СҚО-да оқушылар арасында Ілияс Жансүгіров оқулары өтті