Уәлиханов ауданында халықтың тұрмысын жақсартуға бағытталған ауқымды жұмыс атқарылуда. Маңызды істермен облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов танысып қайтты, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Ауданда бірнеше жыл бойы жол мәселесі өзекті болып саналады. Соңғы 30 жылда алғаш рет автомобиль жолдарын кешенді жөндеу жұмыстары басталды. Жөндеу ең проблемалы учаскелерден басталып жатыр. Атап айтқанда:
* Кішкенекөл – Бидайық бағытындағы жолдың 48 шақырымы жөнделді;
* Телжан — Мортық — Тілеусай — Қаратөрек жолының 60 шақырымы қалпына келтірілді;
* Чехов — Молодая Гвардия бағытындағы 26 шақырым жолға жөндеу жұмыстары жүргізілді;
* Көкшетау – Омбы республикалық жолының Даут пен Кішкенекөл елді мекендері арасындағы 57 шақырым учаскесінде, сондай-ақ Чкалов ауылы мен Ақмола облысының шекарасына дейінгі 54 шақырым аралықта жөндеу жұмыстары басталды.
Кішкенекөл ауылында бір ауысымда 250 адам қабылдай алатын, стационармен біріктірілген заманауи емхана науқастарды қабылдауға дайын. Жоба аясында стационар бөлімшесіне күрделі жөндеу жүргізілді. Барлық қажетті лицензиялық рәсімдерден өткеннен кейін медициналық нысан 2026 жылдың наурыз айында толыққанды жұмысын бастайды.
Бүгінде аудан 100% орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар, «Бәйтерек» қосалқы станциясында соңғы 67 жылда алғаш рет күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жөндеу аяқталғаннан кейін халқы 4 мыңнан асатын 17 елді мекен тұрақты әрі үздіксіз электр энергиясымен қамтылады.
«Халық игілігіне салынып жатқан нысандардағы құрылым жұмыстары сапалы жүргізілуі тиіс. Сол себепті, маңызжы істердің барысын ұдайы қадағалаңыздар», — деді СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов.
Тағы оқыңыз: Петропавлда көпбалалы анаға Заречный кентінен уақытша баспана беріледі

