2025 жыл өңірдің спорт саласы үшін сәтті болды деп айтуға толық негіз бар. Небір рекордтар жаңартылды, жеткен жетістіктеріміз де аз емес, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Теріскейлік толағайлар биыл 1100-ден астам медальды қанжығаға байлаған. Оның 300-ге жуығы — алтын. Әлемдік додаларда атой салған жерлестеріміз де жетерлік. Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қарлығаш Рамазанова бізбен жыл қорытындысымен бөлісті.
«Биыл Наталья Богданова өңір тарихында тұңғыш рет бокстан әуесқойлар арасында әлем чемпионы атанды. Ербол Хамитов парабиатлоннан «Хрустальды глобусқа» ие болды. Биыл облыста 20-дан астам шағын футбол алаңы ашылды. Келесі жылы 5 мың орынға шақталған заманауи кешен салуды жоспарлап отырмыз», — деді басқарма басшысы.
Спортшыларымыз әлемдік додаларда атой салсын десек оларға бар жағдайды жасау қажет. Бұл бағытта ауқымды жұмыс атқарылған. Биыл облыста 40-тан астам спорт нысаны бой көтеріпті. Жөндеу көргендері де қаншама.
Қарлығаш Рамазанованың сөзінше, облыста барлығы 225 мыңнан астам адам тұрақты түрде спортпен шұғылданады. 2026 жылы бұл көрсеткіш еселеп артады деп үміттенеміз. Спортшыларымыз да толағай табысқа жетіп, көк туымызды көкте желбіретсе нұр үстіне нұр болары сөзсіз.
Тағы оқыңыз: Қозыбаев университетінің бес ғалымы халықаралық стипендияға ие болды

