Мемлекет басшысы өз Жолдауында жол мәселесіне ерекше назар аударды. Бұл бағытта облыста ауқымды жұмыс атқарылып жатыр. Өңір биыл мың шақырым жуық түрлі деңгейдегі жол жөндеу көруде, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Қазір елімізде 13 мың шақырым автокөлік жолдары салынып, жөнделіп жатыр. Жол салған кезде транзиттік дәліздердің мән-маңызына баса көңіл аударған жөн.
«Сонымен қатар көлік жүйесін басқарудың жаңа үлгісін жасаған жөн. Себебі мемлекет инвестициясының экономикалық қайтарымы айқын болуы тиіс. Контейнермен жүк тасымалдау ісіне тың серпін беру керек»,- деді Мемлекет басшысы.
Бұл бағытта облыста ауқымды жұмыс атқарылуда. Түрлі деңгейдегі автожолдар жөнделуде. Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Мирхат Әбілмәжіновтің сөзінше, қоғамда қызу талқыға түскен «Петропавл-Жезқазған» автожолындағы маңызды жұмыс биыл аяқталады.
«СҚО-ның жолдар желісінің ұзындығы 8,4 мың шақырымды құрайды. Оның екі мыңы – республикалық, тағы екі мыңы – облыстық жолдар. 2024 жылы мың шақырымнан астам жол жөндеу көрді. Биыл тағы соншасы жөнделуде»,- деді Мирхат Байбытұлы.
СҚО-да төрт шекара бекеті бар. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша биыл оның әрбіреуі қайта жаңғыртылатын болады.
Тағы оқыңыз: Президент бір палаталы парламент құруды ұсынды