Биыл Солтүстік Қазақстан облысына — 90 жыл. Облыстық мемлекеттік архивінде осыған орай танымды шара өтті, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Бүгінде Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінде 1 млн 800 мыңнан астам аса құнды құжат сақтаулы. Әрбір парақтағы мағлұмат өлкеміздің тарихын баяндайды. Биыл 90-ға толатын облысымыздың өткенінен сыр шертетін деректердің бірқатарын мамандар дөңгелек үстел аясында ұйымдастырылған көрмеде паш етті. Оның арасында өңір үшін маңызы зор құнды жәдігерлер жетерлік.

«Солтүстік Қазақстан облысы 1966 жылы «Ленин орденімен» марапатталған болатын. Бұл сол кездегі ең маңызы зор марапат болды. Өңірімізге орден ауыл шаруашылығында жеткен жетістіктеріміздің арқасында берілді»,- деді Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінің директоры Сәуле Мәлікова.
Бүгінгі өткізілген шарада өлкеміздің тарихы жайлы кеңінен айтылды. Солтүстік Қазақстан облысы 1936 жылдың 29 шілдесінде құрылған. Аумағы 200 мың шаршы шақырымды құраған. Құрамында 25 аудан болыпты. Халқының саны 500 мыңнан асқан.
«Облысымызда 5 қала болды. Олардың ішінде қазіргі Ақмола облысына жататын Көкшетау және Атбасар қалалары бар. Халықтың басым бөлігі қазақтар болды. Бірақ, 1936 жылы біздің облысқа депортациямен түрлі ұлт өкілдері көшірілді. Соның салдарынан қазақтардың үлесі 27 пайызға түсіп қалды», — деді Сәуле Зейноллақызы.
Бұл теріскейліктер үшін әлеуметтік-экономикалық дамудың жаңа кезеңі деп танылды. Әр салада қыруар жұмыс атқарылды, аймағымыз дамудың даңғыл жолына түсті. Тіпті, Ұлы Отан соғысы кезінде Мәскеудегі бірнеше зауыт Петропавлға көшірілді. Айта кету керек, аққайыңдар өлкесін ең бірінші Максим Кирович Аммосов басқарған.
«Максим Кирович якут ұлтынан болды. Азамат елімізде алғаш рет Қарағанды облысын басқарды. Аталған аймақ екіге бөлінген кезде біздің өлкемізге басшы болып келді. Ол облысымызға келе сала қазақ тілін жетік меңгерді», — деді спикер.
Шараға өлкетанеушылармен мен ардагерлер қатысты. Онлайн режимде аудан архивтерінің басшылары да қосылды. Шарапаты мол жиында қордағы деректердің барлығын цифрландыру мәселесі көтерілді.
Тағы оқыңыз: Қазақстандықтар зейнетақы жинақтарын әзірге емделуге шешіп ала алмайды

