Сәуір айында облыста 3 адамды кене шақты. Оның екеуі — 14 жасқа дейінгі бала, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Күн жылысымен кенелер пайда болып, тұрғындарды әбігерге салуда. Сәуір айы басталғалы 3 солтүстікқазақстандықты кене шаққан. Ал өткен жылы осындай 672 факті тіркелген болатын.
“Кене көптеген жұқпалы аурулардың туындауына себеп болады. Ең қауіптісі — кене вирустық энцефалиті. Ол орталық жүйке жүйесін зақымдауы мүмкін. Аурудың салдары мүгедектік пен өлімге әкеп соқтыруы да ықтимал. 2022 жылы ересек тұрғындар арасында кене энцефалитінің 3 жағдайы тіркелді (Айыртау, Қызылжар, Петропавл), 2021 жылдыңұқсас кезеңімен салыстырғанда 6 жағдайға төмендеу байқалады (2021 жылы-9 жағдай ересек тұрғындар арасында)”, — деді СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Әсет Жұматаев.
Сонымен қатар, былтыр Қызылжар ауданында Лайм ауруының 2 жағдайы тіркелді. Осы ретте мамандар кенеден сақтану үшін жеңі ұзын, ашық түсті киімдерді киюге кеңес береді. Өйткені, қарадан зиянкестерді көру оңайға соқпайды. Егер үстіңізден кене тапқан жағдайда, өздігіңізден жұлып алуға болмайды, әйтпегенде басы не аяқтары денеде қалып қоюуы мүмкін. Ол үшін алдымен этил спиртін қолданып, пинцет не жіппен тартып алған жөн.
Тағы оқыңыз: Саха Республикасының делегациясы СҚО-дағы бірқатар өндіріс ошағын аралады