Жыл басынан қылмыскерден зардап шеккен 18 жәбірленуші өтемақысын алған. Тағы 40 адамға жазасын өтеп жүргендер қаржы төлеуі тиіс, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Облыс прокуратурасы құқық қорғау органдары мен соттың «Жәбірленушілерге өтемақы қоры туралы» Заңды іске асыру бойынша қабылдап жатқан шараларына сараптама жасаған. Белгілі болғандай, өтемақы алу үшін барлығы 58 жәбірленуші өтініш берген. Соның 18-іне қаржы төленді.
«Қор — қылмыс құрбандарына материалдық көмек көрсету үшін құрылған болатын. Мұндай көмекті жыныстық зорлық-зомбылықтың кәмелетке толмаған құрбандары, адам саудасының немесе азаптаудың құрбандары, қылмыс нәтижесінде денсаулығына ауыр зиян келтірілген адамдар алады. Оның ішінде АИТВ жұқтырған адамдар, сондай-ақ жәбірленуші қайтыс болған жағдайда заңды өкілдер және т.б. бар», — деп түсіндірді облыс прокурорлары.
Сотталғандардан регрессиялық талап-арыздарды өндіріп алу бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде.
Қылмыстық істерді қарау барысында 2 627 290 теңгенің 21 талап арызы қанағаттандырылды. Ал азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен 4 млн теңгенің 31 талап арызы қанағаттандырылды. 7 сотталған өтемақы сомасын ерікті түрде төлеуге келіскен.
Жалпы, облыстың жеке сот орындаушыларының орындауында сотталғандардан қорға 82,2 млн. теңгеге мәжбүрлеп төлемді өндіріп алу туралы 1 632 құжат болды. 592 құжат бойынша өндіріс аяқталып, 29,2 млн. теңге алынды.
«Прокурорлар қорға борышкерлерден өндіріп алуға қатысты 8 қадағалау актісін енгізді. Үйлестіру шараларымен 66 борышкер жұмысқа орналастырылды. Жеке сот орындаушылар полиция органдарымен бірлесіп 12 рейдтік іс-шара өткізді. Үкімдердің ұзақ мерзімді орындалмауының және өндіріп алудың төмен болуының себептері: борышкерлер контингенті, яғни бұрын сотталған, жұмысқа орналасқысы келмейтін, азғындық өмір салтын ұстанатын, өтімді мүліктің, жұмыстың болмауы, кредиттердің болуы болып табылады. Бұл жұмыс жалғасуда және қадағалау органының тұрақты бақылауында», — деп хабарлайды облыстық прокуратураның баспасөз қызметі.
Тағы оқыңыз: Жемқорлық фактілері туралы Telegram-бот арқылы хабарлауға болады