Биылғы жылыту маусымында Петропавл мен Павлодарда жылу тапшы болуы мүмкін. Бұл туралы ҚР энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағанбетов айтты, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
«Биыл Павлодарда барлығы штатты режимде жұмыс істеп жатыр. Алайда, қаланың дамып, жаңа үйлер салынып жатқанын, урбанизация жүріп жатқанын да ұмытпау керек.Сол себепті де, жылу тапшы болуы мүмкін деген болжам бар. Қазір Павлодарда жаңа қазандық салу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Дәл осындай жылу тапшылығы мәселесі Петропавлда да туындап отыр.»,-деді Жандос Нұрмағанбетов.
Брифинг барысында вице-министр Астана қаласында жылу тапшылығы болмайтынын айтты. Себебі, бас қалада кезең-кезеңімен іске қосылатын екі қосымша қазандық салынып жатыр екен. Вице-министр биылғы жылы бюджеттен жылыту желілерін жөндеуге және жаңасын салуға орасан зор қаражат бөлінгенін де айта кетті.