Жыл басынан бері облыста 590 интернет-алаяқтық тіркелген. Келтірілген залал көлемі 1 млрд 400 млн теңгеден асып жығылады. Жағымсыз статистиканың алдын алу мақсатында қоғамдық даму және ақпарат орталығының мамандары оқу орындарын аралап, түсіндірме жұмыстарын жүргізуде, деп хабарлайды Qazaqstan Media.

Әлеуметтік желіде жасырынған қуды қалай анықтау керек? Құрығына қалай түспеуге болады? Мәселе өзекті.
Бүгін қоғамдық даму және ақпарат орталығының мамандары жоғары құрылыс-экономикалық колледжіне барып, ондағы студенттерге алаяқтардың құрбаны болмас үшін не істеу керектігін түсіндірді.

«Интернет-алаяқтықтың құрбаны болмас үшін келіп түскен барлық ақпаратты жіті тексеру қажет. Егер тұрғындар жолданған мәліметтерді мұқият қараса, қылмыстардың санын 80-90 пайызға дейін азайтуға болар еді. Сізге банк, мемлекеттік орган немесе байланыс операторларының өкіліміз деп қоңырау шалса, айтылғанға бірден сенбеген жөн. Ұйымға өзіңіз қайта хабарласып, ресми сайттарда немесе ашық дереккөздерде көрсетілген нөмірді пайдалану керек», — деді Қоғамдық даму және ақпарат орталығының маманы Алмагүл Ғаббас.

Аңғал жан, ақпараттандырылмаған адам алданыш сөздерге сеніп қалуы оп-оңай. Оның арасында жастар да жапа шегуі ықтимал. Жағымсыз жайттарға ұрынбаудың басты тәсілі ол — алдын алу. Бүгінгі шара интерактивті ойын түрінде өткізілді. Қазіргі таңда ұл-қыздарға барлығын осылай түсіндерсек, оң нәтиже болады, — дейді мамандар. Шараға 40-қа жуық студент қатысты.

«Шарадан мол ақпар алдым. Қулар жайлы көп білемін. Интернет-алаяқтар маған бірнеше рет хабарласты. Мен қуларға алданбадым. Бірақ, жақын адамдарым алаяқтардың құрбаны болды. Білген-түйгенімді жақындарыма міндетті түрде айтып беремін», — Жоғары құрылыс-экономикалық колледжінің студенті Алина Ли

Шарада дропперлер туралы да айтылды. Дропперлер – бұл алаяқтар мен олардың құрбандары арасындағы делдалдар. Жәбірленушілердің ақшасы дәл осы жандардың банк карталарына түседі. Кейін бұл қаражатты дропперлер қуларға аударады. Полиция тексерген кезде алаяқтардың емес екі арада делдал болған азаматтың жеке дерегі шығады. Сөйтіп, олар бас бостандығынан айырылады. Сондықтан, біреуге көмектесем деп сотталып кетпес үшін сақ болған аса маңызды.

Тағы оқыңыз: СҚО-да кәмелетке толмаған балаларды бейімдеу орталығы ашылды

Поделиться:

Shares

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *