Биылдан бастап елімізде «Заң және Тәртіп» цифрлық сервисі жұмыс істейді. Жаңа жүйенің игілігін солтүстікқазақстандықтар да көріп жүр, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Бұрын отандастарымыз полицияға тек телефон немесе «102» мобильді қосымшасы арқылы ғана жүгіне алатын.
Цифрлық жүйе тұрғындарға бұл қызметті алуды одан әрі жеңілдетті. Қазіргі таңда тұрғындар «Kaspi» мен «Halyk» банктерінің қосымшаларындағы «Мемлекеттік қызметтер» бөліміне кіріп, тәртіп сақшысын шақыра алады.
Сонымен қатар, тұрғындар «EGov.mobile» арқылы қолжетімді «Заң және Тәртіп» сервисін де қолдана алады.
СҚО-да жыл басынан бері полицейлер омниканалды байланыс жүйесі арқылы тұрғындардан 437 хабарлама қабылдады. Оның ішінде 100-і – «EGov.mobile», 48-і – «Kaspi», 6-ы – «Halyk» қосымшалары арқылы түскен.
Халықтың басым бөлігі көлік жүргізушілерінің тәртіп бұзушылықтарына алаңдаушылық білдірген. Айта кету керек, жол қозғалысы ережелерін бұзу бойынша 275 өтініш тіркелген.
«Полиция халықпен байланыс орнатудың қолжетімділігін кеңейтіп, жаңа коммуникациялық арналарды енгізіп келеді. Мұның барлығы азаматтардың ыңғайлылығы үшін жасалуда. Әр адам полиция қызметін өзіне қолайлы форматта пайдалана алады», — СҚО ПД баспасөз қызметі.
Тағы оқыңыз: Петропавл әкімдігі Новопавловкадағы ескі зираттан қоқысты шығаруға уәде берді

