Петропавлда «Қазақстанда туберкулезді тоқтату» атты адвокациялық кездесу өтті. Іс-шара елдегі фтизиатрия және пульмонологиялық қызметті дамытудың 2023-2025 жылдарға арналған жол картасын іске асыру бойынша ұйымдастырылып отыр, деп жазады Qazaqstan Media тілшісі.
Биыл өңірде туберкулездің 112 жағдайы тіркелген. Ауырғандардың 7-еуі – 17 жасқа дейінгі бала. Көп жағдайда дерт тұрғындар флюрографиялық тексерістен өткен кезде анықталған.
«Өзге аймақтармен салыстырғанда біздің өңірдегі эпидахуал тұрақты. Сырқаттанушылық бойынша республикалық көрсеткіштерге сәйкес келеміз. Сондай-ақ туберкулезден болатын өлім-жітімнің төмендеуі байқалады», — дейді облыстық фтизиопульмонологиялық орталық директоры Құмар Күсемісов.
Адвокациялық кездесу барысында туберкулезге қарсы халықтың осал тобындағы науқастарға емделу кезінде атаулы қолдау көрсету, жергілікті бюджеттен тұрақты қаржыландыру және халықты дерт туралы кеңінен ақпарттандыру мәселелері талқыланды. Жалпы 2024 жылы 38 млн теңгеден асатын сомаға 310 адам әлеуметтік көмек алды.
«Біз барлық өңірде адвокациялық кездесу өткізіп келеміз. Оның негізгі мақсаты елімізде ешкімнің туберкулезден қайтыс болуына жол бермеу. Жалпы, туберкулезден болатын өлім-жітім бойынша СҚО әрқашан көшбасшы болатын. Қазіргі таңда бұл көрсеткіш екі есе төмендеді және алдағы уақыта осындай жиындардың арқасында облыстағы әлеуметтік мәселе шешімін табады деп сенеміз», — дейді ҚР ҰФҒО жанындағы жаһандық қордың туберкулез бойынша жобаларын іске асыру тобының үйлестірушісі Гүлназ Мұсабекова.
Өңірде қазіргі уақытта 246 адам диспансерлік есепте тұр. Оның 56-сы стационарлық ем алып жатыр. Айта кетейік, жалпы 7 айдың ішінде облыста 85 мыңнан астам тұрғын тексерістен өткізілді. Бұл жылдық жоспардың 70 пайызын құрайды.
Тағы оқыңыз: АЭС құрылысы кімге және не үшін қажет?