2026 жылғы 1 қаңтардан бастап офицерлердің жалақысы 23 пайызға өседі. Ал, ал қатардағы және сержанттық құрамның еңбекақсы 10 пайызға көтеріледі, деп жазады Qazaqstan Media.
Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап офицерлік құрамның жалақысы орта есеппен 20,3 пайызға, ал қатардағы және сержанттық құрамдікі 33,9 пайызға артқан. Сонымен қатар бұрын жойылған далалық төлемдер жүйесі қайта енгізілді.
«2026 жылғы 1 қаңтардан бастап еңбекақы төлеудің жаңа жүйесі аясында жалақыны арттырудың екінші кезеңі басталады. Бұл кезеңде офицерлердің жалақысы қосымша 23 пайызға, ал қатардағы және сержанттық құрамның еңбекақысы бірінші кезең деңгейінен тағы 10 пайызға өседі»,-деп хабарлады министрлік.
Сондай-ақ тұрғын үймен қамтамасыз ету саласында да айтарлықтай өзгерістер енгізілді. 2025 жылғы 17 қарашадан бастап «Отбасы банк» тұрғын үй төлемдерін алатын әскери қызметшілерге арналған арнайы ипотекалық өнімдерді іске қосты.
Атап айтқанда, бастапқы жарнасы 20 пайыз болатын «Әскери баспана» бағдарламасы қайталама тұрғын үй нарығынан баспана сатып алуға бағытталған. Алдын ала қарыз бойынша пайыздық мөлшерлеме жылына 18 пайызды құрайды. Ал тұрғын үй құнының 50 пайызы жинақталған жағдайда, мөлшерлеме 5 пайызға дейін төмендейді.
Сонымен қатар «Наурыз әскери» бағдарламасы бастапқы жарнасыз жаңа құрылыстан пәтер сатып алуға мүмкіндік береді. Бұл бағдарлама аясында Астана мен Алматы қалаларында қарыздың ең жоғары сомасы 36 млн теңгеге дейін, басқа өңірлерде 30 млн теңгеге дейін жетеді. Ал бастапқы жарна 20 пайыздан асқан жағдайда несие сомасы 80 млн теңгеге дейін ұлғаюы мүмкін. Қарыз бойынша пайыздық мөлшерлеме жылына 9 пайызды құрайды.
Тағы оқыңыз: Ресейлік азаматтар СҚО-да көліктеріне жалған мемлекеттік нөмір тағып жүрген

