Петропавлда бұрынғы әйелін бірнеше ай бойы мазалаған ер адамға үкім шықты. Сот Александр Р.-ды заңсыз қудалау және ұрып-соғу фактілері бойынша кінәлі деп таныды, деп хабарлайды Qazaqstan Media.

Айыпталушы мен жәбірленуші үш жыл некеде тұрған. Ажырасқаннан кейін әйел бұрынғы күйеуімен байланысын толық үзуге бел буады.  Алайда ер адам оған көнбепті.

Тергеу деректеріне сәйкес, өткен жылдың қазан айынан 2026 жылдың қаңтарына дейін ер адам бұрынғы әйелін жүйелі түрде қудалаған. Ол әйелдің үйінің маңына келіп, терезелерді қағып, көлікпен сигнал беріп, туыстарымен жанжал шығарған. Осындай оқиғалардың бірі 2025 жылғы 5 қазанда болған. Ол жәбірленушінің  әкесімен дөрекі түрде ұрысып, баласымен кездесуді талап еткен.

Жәбірленушінің айтуынша, бұрынғы күйеуі кейде оның жұмыс орнынан күтіп алып жүрген. Жолын бөгеуге тырысқан. Осындай жағдайлардың бірі қаңтардың соңында азық-түлік дүкенінің маңында болған.

«Жәбірленуші бұрынғы күйеуінің өзін көлікпен қуып келе жатқанын байқаған. Кездесуден қашу үшін ол дүкенге кірген. Бірақ сыртқа шыққанда ер адамның оның көлігінің жүргізуші есігінің жанында тұрғанын көрген. Ол сөйлесуге мәжбүрлеп, әйелдің көліктің есігін жабуына мүмкіндік бермеген. Соның салдарынан жәбірленуші көлігімен кете алмаған. Жағдайды тек әріптесінің араласуынан кейін тоқтату мүмкін болған», — делінген сот материалдарында.

Келесі күні жанжал Александр Винокуров  спорт сарайында жалғасқан. Онда жетім балаларға арналған қайырымдылық хоккей матчы өтіп жатқан. Сот мәліметінше, ер адам ол жерге мас күйінде келген. Бұрынғы әйелін көрген соң, оны телефонға әдейі түсіре бастап, трибунада жанжал шығарған.

«Матч аяқталғаннан кейін ер адам ғимараттың шығаберісінде әйелді күтіп тұрған. Әйел көлігіне барып, полицияға қоңырау шалмақ болған кезде, ол қудалауын жалғастырған. Тұрақ маңында физикалық күшін пайдаланып, Р. бұрынғы әйелін итеріп жіберген.  Барлығы олардың баласының көз алдында болған. Бала қорқып, жылай бастаған. Жанжал кезінде ол әйелдің бетіне түкіріп, «бетіңді быт-шыт қылар едім» деп қорқытқан», — делінген іс материалдарында.

Сотта айыпталушы кінәсін тек ішінара мойындаған.

«Бұрынғы әйелімді қудалаған жоқпын. Кездесулер кездейсоқ болды, тек баламның жағдайын білгім келді. Телефонды полицияға қоңырау шалмасын деп қолынан қағып түсіргім келді», — деп мәлімдеген ол.

Алайда сот бұл нұсқаға сын көзбен қарап, жауапкершіліктен жалтару әрекеті деп бағалаған. Сонымен қатар бұған дейін де ер адамға қатысты қоқан-лоққы мен жанжалдарға байланысты қорғау нұсқамалары шығарылғаны анықталған.

Сот оның әрекетін заңсыз қудалау және ұрып-соғу баптары бойынша саралады. Нәтижесінде оған 275 мың теңге көлемінде айыппұл салынды.

Еске салайық, осы жылдың қаңтар айында Петропавлдың 37 жастағы тұрғыны осыған ұқсас бап бойынша 80 сағат қоғамдық жұмысқа тартылған болатын. Өткен жылы енгізілген Қылмыстық кодекстің 115-1-бабы бойынша бұл үкім елдегі алғашқы шешім болған.

Тағы оқыңыз: Енді жалға берілетін электросамокаттарға мемлекеттік нөмір беріледі

Поделиться:

Shares

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *