СҚО-да денсаулық сақтау саласына ерекше көңіл бөлінуде. Петропавлдағы бірінші қалалық емхананың жас дәрігерлерлеріне бір млн теңге көлемінде бірреттік көтермеақы берілді, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Солтүстікте жаңадан келген ақхалаттыларды қолдау және тұрақты кадрлық саясатты дамыту мақсатында ерекше ынталандыру бағдарламасы жүзеге асырылуда. Медициналық мекемелерде жас мамандарға бір млн теңге көлемінде бірреттік көтермеақы беріліп жатыр.
Бағдарлама талаптарына сәйкес, көтермеақы алған маман кемінде бес жыл бойы осы емханада жұмыс істеуге міндетті.
Бұл шарт кадрлардың тұрақтап қалуына, тәжірибесін жетілдіруіне және медициналық қызмет сапасын арттыруға ықпал етеді. Қолдау жас дәрігерлердің үй жалдау, көшу шығындары және алғашқы қажеттіліктерін өтеуге септеседі.
«Қазір емханаға кейбір мамандар жетіспейді. Олардың орындарын толықтыруға тырысудамыз. Қомақты қолдау кадр тапшылығын жоюға көмектеседі», -деді №1 қалалық емхананың бөлім меңгерушісі Алина Исмурзина.
1-ші емхананың қалада үш филиалы бар. Үшеуін қосқанда жүзден астам ақхалатты жұмыс істейді. Биыл қатарға 17 дәрігер қабылданса, соның бесеуі жас мамандар.
Тағы оқыңыз: Петропавлда жаңа жылдық үздік безендірілген мекеме иесіне әкімдік сыйақы береді

