Солтүстік Қазақстанда орақ науқаны жалғасуда. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, егін шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлер тек 1,7 млн гектар танаптағы дәнді және бұршақты дақылдарды орып үлгерген, деп жазады Qazaqstan Media.
Соңғы екі аптада өңірдің егіс алқаптарында тынымсыз жұмыс жүріп жатыр. Шаруалар жауын-шашынсыз болған әр сәтті пайдалануда. Осы күнге дейін 2,9 млн тоннаға жуық астықты бастырып үлгерген. Гектар берекелігі 17,1 центнерден айналуда.
Былтыр осы уақытта аграрийлер жалпы егіс алқабының 51% орып үлгерген. Бірақ бастырылған өнімнің көлемі аз болған — 1,8 млн тонна. Онда да ауыл шаруашылығы өндірушілеріне ауа райы кедергі келтірген еді. Соның салдарынан өнімділік әр гектардан 10,3 центнерге дейін төмен болды.
Бүгінгі таңда Солтүстік Қазақстан облысының астық қабылдау пунктеріне 484,4 мың тонна жаңа астық түсті. Оның ішінде бидай — 320,7 мың тонна. Бұл дәнді дақылдардың 41,5 % — ы үшінші сұрыпқа жатады. Элеваторларға жеткізілген сапалық көрсеткіштері төмен бидайдың мөлшері — 147,9 мың тонна немесе 49,4 %.
Естеріңізге сала кетейік, облыста жалпы сыйымдылығы 3,2 млн тоннаны құрайтын 46 қойма бар.
Сонымен қатар, өңірге жұмыс сапарымен келген Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин, солтүстік өңірде бес бос тұрған элеваторды қолданысқа беру мүмкіндігі қарастырылып жатқандығын айтқан еді.
Сондай-ақ, Серік Жұманғаринмен бірге облысқа азық-түлік корпорациясының басқарма төрағасы Асылхан Джувашев келген болатын. Онымен кездесуде өңірдің аграрийлері бидайдың сатып алу бағасын тоннасына 100 мың теңге деңгейінде белгілеуді сұраған болатын. Шаруалардың сұрауы орындалды. Азық-түлік корпорациясы 27% глютені бар үшінші класты бидайдың тоннасын 100 мың теңге деп жариялады.
Айта кетейік, бұған дейін сарапшылар бидай өнімінің бір тоннасының бағасы 85 мың теңгеден аспайды деп болжаған болатын.
Тағы оқыңыз: Петропавлда төрт жылда барлық көшелерге асфальт төселеді