Есіл ауданына қоныс тепкен қандастар референдум күні таң ата бір отбасыдай болып жиналып, дауыс беруге келді. Бұл оқиға ауыл тұрғындары үшін ерекше әрі тарихи сәтке айналды, деп жазады Qazaqstan Media.
Бүгінде Николаевка ауылында 35 отбасы, 183 қандас өмір сүріп жатыр. Оның ішінде 111-і – балалар. Көпшілігі 2021 жылы көшіп келген.
Қоныс аударғандардың басым бөлігі мал шаруашылығымен айналысып, ауылдың тұрмысын көтеруге үлес қосуда. Ал әйел қауымы шаңырақтың түтінін түтетіп, көпбалалы аналар ретінде тұрмыс тіршілікті жандандырып отыр. Олар жаңа жерде тамыр жайып, тұрмысын түзеп қана қоймай, қоғам өміріне де белсене араласуда.

Ұлттық киім киіп, бір отбасыдай болып референдумға қатысуы – олардың ел болашағына деген жауапкершілігін, бірлігін және ынтымағын айқын көрсеткен оқиға. Бұл қадам – ауылдағы ортақ құндылықтар мен азаматтық белсенділіктің жарқын көрінісі.

Тағы оқыңыз: Қазақстанда республикалық референдум басталды


