Петропавл қалалық соты ер адамға күш қолданып, ақша талап еткен М. Қозыбаев атындағы СҚУ студентіне үкім шығарды. 21 жастағы жігіттің 3,5 жылға бас бостандығы шектеліп, пробациялық бақылауға алынды, деп жазады Qazaqstan Media тілшісі.
Оқиға наурыз айының 5-сі кешкі сағат сегіздер шамасында Петропавлдағы «Подземка» ойын клубының маңында болған. М. Қозыбаев атындағы СҚУ 4 курс студенті Раушанбек Бейсенбаев сол жерде тұрған И. Жақыптан ақша талап етіп, бетінен ұрып жіберген. Қорқып қалған азамат өзінің iPhone 13 Pro маркалы ұялы телефонын ломбардқа өткізіп 100 000 мың теңгені Бейсенбаевтың қолына ұстатқан.
Сот процессі барысында сотталушы Раушанбек Бейсенбаев өз кінәсін мойындап, істеген ісіне өкінетіндігін айтқан.
Істі қараған Петропавл қалалық сотының судьясы Әсем Жаналина Раушанбек Бейсенбаевты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 194-бабы 2-бөлігінің 1-тармағы бойынша кінәлі деп тауып, 3 жыл 6 айға бас бостандығын шектеді.
«Сотталған Бейсенбаев Р.О.-ға келесі міндеттерді орындау жүктелсін:
— Тұрақты тұратын жерін, жұмысын, оқу орнын уәкілетті органның рұқсатынсыз өзгертпеу;
— Мас күйінде ішімдік ішу жүзеге асырылатын ойын-сауық орындарына (кафе, ресторан, жазғы алаңдар, дискотекалар, клубтар) бармау;
— Жұмыстан және оқудан бос уақытта тұрғылықты жерінен шықпау;
— Тұрғылықты жерінен басқа жерге уәкілетті органның рұқсатынсыз бармау;
— Белгіленген күндері пробация қызметіне барып, тәрбиелік және алдын алу шараларына қатысу», — деп көрсетілген сот материалдарында.
Тағы оқыңыз: Ауыл балаларының Петропавлдағы бір күні