Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов салынып жатқан бірқатар нысандардың құрылысын тексерді. Жауапты мамандарға барлық жұмыстарды қатаң бақылауда ұстауды тапсырды, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Өңір жетекшісі ең алдымен Петропавлдағы 280 орындық балабақшаның құрылысын тексерді. Нысан «Қазақстан халқына» қорының қаражаты есебінен салынуда. Жаңа балабақша мектепке дейінгі білім беру ұйымдарындағы орын тапшылығын едәуір азайтуға мүмкіндік бермек. Нысанның құрылысы қыркүйек айында аяқталады деп жоспарлануда.
Сонымен қатар, аймақ басшысы Универсальная көшесіндегі жаңа көпірдің құрылысын тексерді. Нысан 85 пайызға дайын. Қазір жаяу жүргінші жолдарын бетондау және қоршаулар орнату жұмыстары жүргізілуде. Жаз уақытында асфальт төсеу және абаттандыру жұмыстары жоспарланған.
Қызылжар ауданындағы Бескөл ауылында емхананың құрылысы жүріп жатыр. Медициналық мекеме бір ауысымда 250 адамды қабылдай алады. Жоба «Ұлттық қор» қаражаты есебінен жүзеге асырылуда. Жаңа медициналық нысан аудан тұрғындары үшін алғашқы медициналық-санитарлық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
«Құрылыс жұмыстарының сапасын қамтамасыз ету үшін техникалық қадағалау қызметіне барлық жұмыстарды қатаң бақылауда ұстауды тапсырамын. Халық үшін салынып жатқан әр нысан сапалы болуы тиіс», — деді өңір жетекшісі.
Тағы оқыңыз: Петропавлда студенттерге арналған «Құқықтық интеллект» интерактивті алаңы өтті


