Кез келген балаға ойыншық сыйласаң қуанатыны сөзсіз. Бірақ, оның сапасы мен зияны жайлы ойлайтындар аз. Жеткіншектерді шаттандырамын деп керісінше, миын улауыңыз мүмкін. Осы орайда Qazaqstan Media тілшісі облыстық санитарлық-эпидемиялогиялық бақылау департаментінің мамандарынан бірқатар кеңес алды.

Жаз келісімен дүкен сөрелері ойыншықтарға толады. Облыстық санитарлық-эпидемиялогиялық бақылау департаментінің мәліметінше, демалыс кезінде ата-аналар көбінесе спорттық және су мен құмда ойнауға арналған ойыншықтар сатып алады екен. Ол доп, самокат, шелектер, түрлі машиналар мен тракторлар. Мамандар үнемі ойыншықтардың сапасы мен қауіпсіздігіне мән беру керектігін айтады. Оған қоса өздері де балалар үшін жасалған қызылды-жасылды заттардың сапасын тексеріп отырады. Мәселен, биыл жыл басынан білікті мамандар 36 сауда орнына барып тексеріс жүргізген.

«Ата-аналар ойыншықтарды таңдау кезінде баланың қауіпсіздігін, даму құндылығына және жасына сәйкестігін қамтамасыз етуіне назар аударуы керек. Ойыншықтар баланың дамуына әсер етуі, денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін. Егер оларда ұсақ бөлшектер, өткір бұрыштар, улы материалдар болса қауіпті. Үш жасқа дейінгі балаларға арналған ұсақ бөлшектері бар ойыншықтардан аулақ болу керек»,- дейді СҚО санитарлық-эпидемиялогиялық бақылау депаптаментінің басшысы Әсет Жұматаев.

Қауіпсіз ойыншықтар-бұл улы емес материалдардан жасалған, бала жұтатын ұсақ бөлшектері, өткір жиектері немесе бұрыштары жоқ заттар. Сонымен қатар тұншығу, электр тогының соғуы немесе баланың денсаулығы мен қауіпсіздігіне басқа қауіп төндірмейтін ойыншықтар. Мамандар ағаш, мақта, зығыр сияқты табиғи материалдардан жасалған ойыншықтарды алған жөн деп отыр.

«Сондай-ақ тағамдық пластик, силикон, полиамид, полипропилен және поликарбонат сияқты улы емес пластмассаларға артықшылық беріледі. Ойыншық шығаратын дыбыс тым қатты немесе даусы ащы болмауы керек»,- дейді СҚО санитарлық-эпидемиялогиялық бақылау депаптаментінің басшысы Әсет Жұматаев.

Ал, жұмсақ ойыншықтар гипоаллергенді материалдардан жасалуы керек. Балалар ойыншықтарында көбіне фталаттар кездеседі. Әсіресе винил ойыншықтарында. Олар гормоналды тепе-теңдікті бұзып, баланың дамуына әсер етуі мүмкін. Қорғасын-бояулар мен пигменттер де болады. Өте улы, жүйке жүйесінің зақымдануын және дамудың кешеуілдеуін тудыруы мүмкін. Кадмий-бояулар мен пигменттерде қолданылады, бүйрекке улы және қатерлі ісік тудыруы мүмкін. Формальдегид-кейбір материалдарды өңдеуде қолданылады, тыныс алу жолдарының тітіркенуін және аллергияны тудырады екен.
Айта кету керек, биыл елімізде балаларды ауруға шалдықтырады деп танылған сегіз ойыншық жойылған екен. Ал, ауылдардағы сауда нүктелері ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығына сәйкес, эпидемиологиялық маңызы елеусіз объектілер қатарына жатады. Осыған байланысты, мұндай дүкендерге тек азаматтардың өтініштері немесе профилактикалық бақылау аясында ғана тексеру жүргізіледі.

Тағы оқыңыз: Петропавлда өртеніп жатқан шеберханадан 16 баллон шығарылды

Поделиться:

Shares

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *