Солтүстік Қазақстанда ер адам ауылдасын пышақтап тастады. Қылмыс Есіл ауданының Явленка ауылында 28 мамыр күні тіркелген, деп жазады Qazaqstan Media тілшісі.
Куәгерлердің сөзінше, 49 жастағы ер адам ауылдасының үйіне қонаққа келген. Дастархан басында оның бұрынғы әйелі өзінің сүйіктісімен отырған. Кенеттен ішімдік ішіп отырғандардың арасында жанжал туындап, ерлі-зайыптылар үйіне кетіп қалған. Оларды қызғанған бұрынғы күйеуі соңдарынан еріп, ауылдасын пышақтап тастаған. Көршілері дереу полицияға хабар берген. Оқиға орнына жедел жеткен учаскелік инспектор оның қолындағы қаруды тартып алып, тұтқындаған.
«Күдікті ұсталып, оған қатысты кісі өлтіруге оқталу бабы бойынша іс қозғалды. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр», — деді Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Ал жәбірленуші бірден аудандық ауруханаға жеткізілген. Пышақ оның сол жақ бүйіріне кірген.
«Науқас ауыр жағдай түсті. Оған аудандық аурухананың дәрігерлері бірден ота жасады. Қазір жағдайы тұрақты», — деп хабарлады облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
Тағы оқыңыз: СҚО-да 9,5 келі марихуана тасымалдаған екі ер азамат ұсталды