Бүгін қасиетті Қадір түні

Қадір түні – мұсылмандар үшін мың айдан да қайырлы. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы биылғы Қадір түнін сәуір айының 17-сінен 18-не қараған түніне бекітті, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі, ҚМДБ ресми сайтына сілтеме жасап.

Қадір түні – берекелі Рамазан айында келетін қасиетті түн. Рамазан айының соңғы он түні мұсылман үшін өте маңызды. Себебі Қадір түнінде қасиетті Құран Кәрім түсе бастады. Сондықтан Ислам дінінде бұл түн ерекше бағаланады. Құран Кәрімде «Қадір» сүресі бар. Осының өзі-ақ бұл түннің аса ардақты екенінен хабар береді.

Алла Тағала «Қадір» сүресінде: «Біз оны (Құранды) Қадір түнінде түсірдік. Қадір түнінің не екенін қайдан білесің? Қадір түні мың айдан қайырлы. Ол түні әрбір іс үшін Раббыңның рұқсатымен періштелер және рух (Жәбірейіл періште) түседі. Таң атқанша тыныштық жалғасады» деп бұрын-соңды адам баласы білмеген хабарды жеткізген.

Сол себепті Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүннеті арқылы мұсылмандарды Рамазан айының соңғы он түнінде Қадір түнін күтуге, оның сауабын іздеп, осы түні (әсіресе тақ түндерде) құлшылықпен айналысуға талпындырған.

«Қадір» – араб сөзі. Тілдік мағынасы қадірлі, қасиетті, өлшеммен бекітілген, артық-кемі жоқ, дұрыс деген мағыналарға саяды. Ал шариғи терминдік мағынасына «бір жылда болатын істерді белгілеп, соның жазылуына Алла Тағаланың үкім беретін түні» деп анықтама берілген.

Ғалымдар бұл түннің атауына байланысты бірнеше себеп келтірген:
1) Қадір түні – шәраф, яғни қадірлі, шарапатты, абыройлы түн.
2) Қадір тағдыр мағынасында келеді, яғни осы түні бір жылда болатын оқиғалар мен болмыстың тағдыры, ризық-несібесі мен ажалы жазылады.
3) Қадір сөзі құрметті, қасиетті деген мағынаға саяды. Қадір түнін ұйықтамай, құлшылықпен өткізген кісі Алла Тағаланың құзырында құрметке бөленеді.
Құран мен хадисте Қадір түні былайша баяндалады.
1) Құранда «Қадір» сүресі бар.
2) Айша (Алла оған разы болсын) анамыздан жеткен хадисте: «Қадір түнін Рамазан айының соңғы он түнінен іздеңдеp», – делінген (Бұхари, Сахих, 2020.)
3) Әбу Һурайрадан (Алла оған разы болсын) жеткен тағы бір хадисте: «Кімде-кім Қадір түнінің қасиетіне сене отырып, сауабын үміт етіп құлшылықпен өткізсе, оның өткен күнәлары кешіріледі», – делінген (Бұхари, Мүслим).
4) Айша (Алла оған разы болсын) анамыздан жеткен тағы бір хадисте: «Уа, Алланың елшісі! Егер Қадір түні екенін білсем Аллаға не айтқаным дұрыс?» – деп сұрап едім, сонда Пайғамбарымыз: «Уа, Алла! Сен кешірімдісің, кешіргенді жақсы көресің, мені кешір деп айт», – деді (Термизи, Сунән, 3513).
5) Абдулла ибн Унәйстан (Алла оған разы болсын) жеткен хадисте: «Уа, Алланың елшісі! Қадір түнінің сауабын іздейтін түн қайсысы? Соның хабарын берсеңіз», – деп сұрап едім. Сол кезде Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Егер адамдар сол түннен басқа түндерде құлшылығын тастамайтын болғанда айтар едім», – деді», – делінген (Абдуррахим әл-Ғирақи, Ләйләтул-қадр кітабы, 49-бет).

Иә, Алла Тағала Қадір түнін өзге түндерден әлдеқайда қадірлі, қасиетті еткен. Қадір түнінің қадір-қасиетін әрі сауабының қаншалықты екенін Алла Тағала Құран арқылы баяндаған.

Ибн Аббас (Алла оған разы болсын): «Оны құт-берекеге толы қасиетті түнде түсірдік, біз ескертудеміз. Сол түні әрбір хикметті іс нақтыланады», – деп («Духан» сүресі, 3-4 аяттар) келетін аяттың осы Қадір түні жайлы айтылғанын алға тартқан.

Қадір түнінде құлшылықтарды көбейтуге мән беру қажет. Біріншіден, тарауық намазын оқу керек. Себебі бұл түнді барынша құлшылықпен өткізудің сауабы мол. Екіншіден, Құранды көбірек оқу қажет. Өйткені бұл түні Құран түсіріле бастаған. Үшіншіден, дұға жасап, тілек тілеп, Алладан жарылқау сұрау керек. Себебі Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Айша анамызға (Алла оған разы болсын) кешірім сұрау дұғасын үйретіп, соны жасауды бұйырған.
6) «Раббәнә әтинә» дұғасын мүмкіндігінше көп айту қажет. Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Рамазан айында да, басқа уақыттарда да ең көп айтатын дұғасы осы еді.
Қадір түнінің бірнеше белгісі бар. Ғұламалардың айтуынша, Қадір түнінің белгілері екі топқа бөлінеді. Біріншісі, уақытында (яғни сол түні) білінетін белгілер. Оған сол түннің ашық, ай сәулесінің жарық болуы; жүректің тыныштығы, уайым-қайғыға берілмей тыныштықты сезінуі; мұсылманның көкірегі кең болып, жайдарлықты сезінуі; адамға жағымды самал желдің есуі; суық та, ыстық та емес қолайлы ауа райының болуы жатады. Екіншісі, уақыты өткен соң (таң атқанда) білінетін белгі. Бұған күннің сәулесіз қызарып шығуы жатады.
Қадір түні қай түнге сәйкес келеді?
Ханафи мәзһабының ғалымдары нақты бір ғана түнге бекімей, кез-келген түн Қадір түні болуы мүмкін екенін алға тартқан. Әйтсе де Рамазан айының 27-түнін қуатты деп бекіткен. Сахабалардан жеткен риуаяттарды зерттеген ғалым Саид Сабиқтің айтуынша, ғұламалар Қадір түнін белгілеуде түрлі көзқарас ұстанған. «Қадір түні Рамазан айының 21, 23, 25, 29-ы күндері деген ғұламалар болса да, көпшілік ғалымдар 27-түн Қадір түні деген пікірге тоқтаған. Себебі бізге жеткен риуаяттарға қарасақ имам Мүслим, Әбу Дәуіт, Термизи және Ахмад ибн Ханбалдың жеткізген сахих хадистеріңде 27-түн екені анық айтылады» дейді ғалым. Алайда Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Рамазан айының соңғы он күндігін мешітте иғтикафпен өткізгенін ұмытпаған жөн. Бабаларымыздың «Әр көргенді Қыдыр біл, Әр түніңді Қадір біл!» деген өсиеті осы болса керек.

Тағы оқыңыз: Халықаралық маңызы бар жол жабылды

Поделиться:

Shares
Subscribe
Notify of
guest
0 комментариев
Oldest
Newest Most Voted
Inline Feedbacks
View all comments
0
Would love your thoughts, please comment.x
()
x