Қоғамның қызу талқысына түскен «Дәуіт-Талшық» автожолы биылдан бастап күрделі жөндеу көруде. Маңызды іске 11 млрд теңге қаржы бағытталған. Барлық жұмыс 2027 жылы аяқталуы тиіс, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Ақжар ауданының әкімі Рүстем Елубаев хабарлады. Тәжірибелі атқамінер бірнеше беттік баяндамасын тек қазақ тілінде дайындап әкелген. Басшының сөзінше, өзі басқарып отырған аймақ дамудың даңғыл жолына түскен. Оны инвестиция тарту жұмыстарынан байқауға болады.
«Биыл ауданға 15,2 млрд теңге инвестиция тартылды. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш ұлғайатын болады. 2025 жылы ауданда 5 жеке кәсіпкерлік ашылды. «Ауыл аманаты» ұлттық жобасы аясында тұрғындарға тауарлық несие ретінде 1150 бас қаз берілді»,- деді аудан әкімі Рүстем Елубаев.
Ағымдағы жылы ауданда пайдаланылмай жатқан жеті мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Тұрғындарының 87 пайызы орталықтандырылған сумен қамтылды. 2600 шаршы метр баспана пайдалануға берілді. «Таза Қазақстан» акциясы аясында жүздеген сенбілік өткізіліп, екі мыңнан астам көшет отырғызылған.
Тағы оқыңыз: Мемлекет міндеттемелерін орындайды: шағын және орта бизнес несиесіне субсидия ала бастады

