Ақжар ауданының әкімі Қанат Қалиев лауазымынан босатылды.Бұл туралы экс-әкім өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Қанат Қалиев Ақжар ауданына 2020 жылы әкім болып тағайындалған еді.Ол еңбек жолын қарапайым жұмысшы болып бастаған. Алдымен Жамбыл ауданында дәрігер-эпизоотолог, одан кейін аталған ауданның бас мал дәрігерінің орынбасары, бас дәргер қызметін де атқарды. Ал 1989-1996 жылдар аралығында Қызылжар ауданының бас дәрігері, аудандық экология және биоресурстар басқармасына басшы болды. 2004 жылдан бастап 2006 жылға дейін ҚР ауыл шаруашылығы министрлігінің Қызылжар аудандық аумақтық басқармасына жетекшілік етті. 2009 жылдан бастап 4 жыл Мамлют ауданына әкім болды. Кейіннен «Республикалық ветеринарлық зертхананың» облыстық филиалы директоры болып, соңғы төрт жылда Ақжар ауданында әкім болды. Айта кеткен жөн Қанат Қалиев 1964 жылдың 11 наурызында СҚО, Шал ақын ауданына қарасты Қаратал ауылында дүниеге келген.
«Құрметті Ақжарлықтар, қадірлі жерлестер! Өздеріңізбен бірге өңіріміздің дамуы мен игілігі үшін жұмыс істеу мен үшін үлкен мәртебе болды. Үш жыл сегіз ай бұрын Ақжар ауданына алғаш әкім болып тағайындалдым, осы үлкен сенімі үшін халыққа рахмет айтамын. Ақжар ауданындағы қызметім барысында әрдайым халықтың қолдауына ие болып, білімімді, кәсіби, өмірлік тәжірибелерімді, біліктілігімді ауданның дамуына жұмсадым. Менің барлық жұмысым Сіздердің көз алдарыңызда болды, өздеріңізбен түрлі мәселемен жүздестік, келісіп отырып қажет шешімдерді қабылдадық. Көптеген ауқымды жұмыстар атқарылды. Әріптестеріме, барлық кәсіпорындар ұжымына, жастарға, қоғамдық бірлестіктерге, құрметті ардагерлерге – барша Ақжарлықтарға шынайы алғысымды білдіремін», — деп жазды әлеуметтік желіде Қанат Қалиев.