Солтүстік Қазақстан облысының Жамбыл ауданында аязды түнде бір ауыл тұрғыны өлім аузынан аман қалды. Оны дер кезінде әрекет еткен учаскелік полиция инспекторы құтқарды, деп жазады Qazaqstan Media.
Оқиға 14 қаңтарға қараған түні шамамен сағат 01:00-де болған. Қызмет көрсететін аумағын аралап болған соң үйіне қайтып келе жатқан учаскелік инспектор Бекзат Қайсаевқа ауыл тұрғыны қоңырау шалып, ағасының жоғалып кеткенін хабарлаған.
Белгілі болғандай, жоғалған азамат – жұмыс істейтін, есепте тұрмайтын, спирттік ішімдікті шамадан тыс пайдаланбайтын адам. Бірақ, сол күні қонақта ішімдік ішіп, үйіне қайтар жолда адасып кеткен. Бұл күндері аяз көтеріліп, түнде –30 градустан төмен болған. Қоңырау түскен бойда Бекзат Қайсаев арызданушымен бірге іздестіру жұмыстарын бастайды. Шамамен жарты сағаттан кейін полицей елді мекеннің қараңғы көшелерінің бірінен ер адамды ес-түссіз күйде тауып алған.
Ауыл тұрғыны үйіне жеткізіліп, оған алғашқы медициналық көмек көрсетілді. Қазіргі таңда 37 жастағы азамат медициналық мекемеде дәрігерлердің бақылауында. Полиция қызметкерлері тұрғындарды қатты аяз кезінде барынша сақ болуға, алыс жолға шықпауға және жақындарыңызға қайда бара жатқандарыңызды ескертіп жүруге шақырады.
Жалпы, аязды күндер басталғалы Петропавл қалалық көпбейінді ауруханасына үсік шалған 16 науқас түскен. Оның 10-ы ем қабылдауға жатқызылды.
Тағы оқыңыз: Петропавл маңына қоқыс полигонын салу не салмауды халық шешеді

