Жұмыс сапары барысында Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин өңір тұрғындары және тауар өндірушілермен кездесті. Жиын барысында саладағы қазіргі ахуал, өндіріс көлемі, мемлекеттік қолдау шаралары және алдағы даму бағыттары талқыланды, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Маңызды жиналыста мал шаруашылығын дамытуға ерекше назар аударылды. 2026–2030 жылдарға арналған кешенді жоспар бекітілген. Құжат аясында жеңілдетілген несие беру, асыл тұқымды мал басын көбейту, экспортты арттыру және жайылымдық жерлерді тиімді пайдалануды көздейді. Қаржы көлемі 400 млрд теңгеден асады. Бұл салаға жаңа серпін береді.

«2025 жылдың қорытындысы бойынша елімізде ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 5,9 пайызға өсті. Құны 9,8 трлн теңгені құрады. Көктемгі егіс пен жинау жұмыстарына 750 млрд теңге бөлінді. 8 млн гектардан астам егіс алқабы қамтылды. Бұл шаралар саланың тұрақты дамып келе жатқанын нақты көрсетеді. Биыл мал шаруашылығын дамыту басты назарда болады. Кешенді жоспар фермерлерге нақты көмек көрсетуге арналған. Жоспар аясында барлық қажетті шаралар қарастырылған», — деді ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілі Хасым Иткусов жаңа бағдарламаларды таныстырды. Қолжетімді қаржыландыру тетіктері кеңейтіліп, фермерлерге нақты көмек көрсетіледі.

«Биыл «Игілік» және «Береке» бағдарламалары іске қосылды. Несие мөлшерлемесі — 6 пайыз, мерзімі 7 жылға дейін. Жалпы, қаржыландыру көлемі — 220 млрд теңге. Осы арқылы 177 мың бас ірі қара және 28 мың бас ұсақ мал сатып алу жоспарланып отыр. Бағдарламалар өндіріс көлемін арттыруға мүмкіндік береді», — деді ҚР АШМ мал шаруашылығы департаменті директорының орынбасары Хасым Иткусов.
Сонымен қатар, жайылымдық жерлерді тиімді пайдалану үшін «Жайлау» бағдарламасы енгізіледі. Бастама аясында инфрақұрылымдық жұмыстар жүргізіліп, су көздері тартылып, мал шаруашылығын дамытуға қажетті жағдайлар жасалады. 2031 жылға қарай ет өндірісі 1,8 млн тоннаға дейін, ал экспорт көлемі 165 мың тоннаға дейін артады. Кездесудің ресми бөлімінен кейін тұрғындардың өзекті сұрақтары талқыланды.
Тағы оқыңыз: СҚО-да көктемгі егіс жұмыстарына дайындық пысықталды

