«Қазгидромет» синоптиктері алдағы күндері ауа температурасының айтарлықтай жоғарылайтынын болжады. Соның салдарынан қар қарқынды еріп, су басу қаупі артуы мүмкін, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Синоптикалық болжамға сәйкес, наурыздан соңғы күндері ауа температурасы жоғарылайды. Күндіз +7…+12°C, ал түнде 0…+3°C шамасында болады деп күтілуде. Мамандардың айтуынша, күннің күрт жылынуына байланысты қар жамылғысы қарқынды ериді, еріген су ағындары қалыптасады, мұз жамылғысы әлсірейді және өзендердегі су деңгейі көтерілуі мүмкін. Соның салдарынан автожолдарды су басу және елді мекендердің кей аумақтарында су жайылу қаупі туындайды.
Осыған байланысты барлық жауапты қызметтер күшейтілген жұмыс режиміне көшті. Қазіргі жағдай тұрақты бақылауда. Өзен-көлдерде мұз кептелісі бомас үшін, мұз жару жұмыстары ұйымдастырылды.
Мамандар әсіресе ойпаң жерлерде және су айдындарының маңында орналасқан аумақтарда қауіп жоғары екенін ескертеді. Сол себепті тұрғындарға алдын ала сақтық шараларын қолға алу ұсынылады.
Жеке тұрғын үй иелеріне:
— аула аумағын қардан тазарту;
— еріген судың ағу жолдарын, яғни арықтар мен науаларды ашу;
— жертөле мен төмен орналасқан бөлмелердегі бағалы заттарды жоғарыға көшіру ұсынылады.
Ал тұрғындарға ресми ақпарат пен ескертулерді жіті қадағалап, дабыл белгілеріне бейжай қарамау қажет. Сондай-ақ құжаттар мен ең қажетті заттарды алдын ала дайындап қойған дұрыс. Жүргізушілерге су басқан жол учаскелерінен аулақ болу ескертілді.
Төтенше жағдай қызметтері өңір тұрғындарын сабыр сақтап, тек ресми ақпаратқа сенуге шақырады.
Тағы оқыңыз: СҚО-да оқушылар жол саласы мамандарының жұмысымен танысты

