Түркістандық Шахижахан Сайдахметов үш жыл бұрын Жамбыл ауданына көшіп келген. Жас маман қазір аудандық ауруханада еңбек етеді. Қаланы емес, ауылды таңдаған жас дәрігермен Qazaqstan Media тілшісі тілдесті.
Шахижахан Сайдахметов бала кезінен медицина саласына қызығушылық танытып, дәрігер болуды армандаған. Мақсатына қол жеткізу үшін ол Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің медицина факультетіне оқуға түскен. Оны аяқтаған соң бірден отбасымен Солтүстік Қазақстан облысына қоныс аударып, бүгіндері Жамбыл аудандық ауруханасында еңбек етуде. Оның жұбайы да медицина саласының қызметкері. Сайдахметовтер отбасы ауылға қоныстанған сәттен бастап жергілікті тұрғындар мен әріптестерінің ерекше қолдауын сезінген.
«Ауылға алғаш келген кезде бәрі жат көрінгенімен, қазір үйренісіп кеттік. Жергілікті халық өте қонақжай, әрдайым қолдау білдіреді. Балаларым балабақшаға барып жүр. Мемлекеттен 2,5 миллион теңге көлемінде көтерме ақы берілді. Мұнда жұмыс істеп тәжірибе жинақтап жатырмыз», — дейді жас маман Шахижахан Сайдахметов.
Жалпы тәжірибе дәрігері Шахижахан Сайдахметов күніне 10-15 науқасты қабылдайды. Әрқайсысына көмектесіп, қажетті ем-дом шараларын көрсетеді. Әріптестерінің айтуынша, Шахижахан Сайдахметов өз міндетін жауапкершілікпен атқарады.
«Өз ісіне тиянақты, науқастармен тез тіл табыса алады. Сенімді маман ретінде өзін жақсы қырынан көрсетті. Оған қатысты тек жақсы пікірлер естіп жүрміз», – дейді әріптестері.
Алдағы уақытта Шахижахан Сайдахметов Астана қаласында білімін жалғастырып, кәсіби біліктілігін арттыруды жоспарлап отыр.
Тағы көріңіз: Бұрынғы әйелін қызғанған: СҚО-да ер адам ауылдасын пышақтап тастады