Бүгін Петропавлға Қызылжар және Мамлют ауданынан 80-ге жуық бала келді. Олар күні бойы қаланың көрікті жерлерін аралап, шаһардың тарихымен танысады, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Оқушылар үшін мұндай демалысты облыстық білім басқармасы мен балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығы ұйымдастырған. Жеткіншектер үшін қызықты бағдарлама әзірленген. Ең алдымен балалар саябаққа барды. Оқушылар әртүрлі әткеншектерге мініп, уақыттарын көңілді өткізді.
«Ұйымдастырып отырған экскурсиямыз тек ауылдық жерлердегі балаларға арналған. Себебі, кейбірі облыс орталығына жиі келе бермейді. Тіпті, жаз бойы ауылдан шықпайтындары бар. Біз оларды Петропавлдың тарихымен таныстырып, әсем жерлерін аралаттық», — деді облыстық балалар пен жасөспірімдер шығармашылығы орталығы директорының орынбасары Ирина Колодаева.
Мереке Жанайым Петропавлға Мамлют ауданынан келген. Оқушы бүгінгі күннен ерекше эмоция аламын деген үмітте.
«Бүгін ауа райы да тамаша болып тұр. Күнім де сол сияқты жақсы өтеді деп ойлаймын. Маған әткеншек қатты ұнады. Саябақтан кеткім келмей тұр», — дейді Мамлют №1 мектеп-гимназиясының 7- сынып оқушысы Мереке Жанайым.
Айта кету керек, келесі аптада облыс орталығына тайыншалық және мүсіреповтік оқушылар келетін болады.
Тағы оқыңыз: СҚО-да жүк көлігі аударылып, екі адам кабинада қысылып қалған