«Біз жай ғана тыныш ұйықтағымыз келеді». Бұл – Петропавлдағы Ульянов көшесінде тұратын тұрғындардың жанайқайы. Адамдар күндіз-түні тыныштық көрмей келеді. Оған себеп – «Nostalgie» дәмханасының тәулік бойы жұмыс істеуі. Құжат жүзінде – дәмхана, алайда түнде шу мен тәртіпсіздіктің ордасына айналады. Бұл мәселе азаматтық сотта қаралып, тұрғындар мен демалыс орны жетекшісінің арасындағы дауға нүкте қойылды, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Ульянов көшесіндегі №44 үйдің тұрғындарының әр күні айғай-шудан, қатты музыка мен төбелестен басталады. 1998 жылдан бері тұрғындардың бар тілегі – көрші мекеменің жұмыс уақытын шектеу.
«Біз учаскелік инспекторға да, прокуратураға да, қала мен облыс әкімдеріне де жүгіндік. Бәрі түсінеді, бірақ айтары бір: бұл – жекеменшік бизнес», – дейді бастамашыл топтың мүшесі Валентина Шуринова.
Тұрғындар «тыныш ұйықтаған түндеріміз саусақпен санарлық» деп отыр. Тек пандемия кезінде ғана уақытша тыныштық орнапты. Полиция патрульдік көліктерді дәмхананың алдына кезекшілікке қойған. Басында жағдай тұрақталған. Бірақ тұрғындардың бұл қуанышы ұзаққа созылмапты.
«Кафенің тұрақты клиенттері тәртіпке бағынбайды. Жедел әрекет ету арнайы жасағы мас адамдарды автобусқа отырғызады. Бүгін, мысалы, клиенттер сағат 9-да ғана тарқасты», – дейді тұрғындар.
Сотқа жүгінген жандар шыдамдарының таусылғанын айтты. Олар көп нәрсені талап етіп отырған жоқ. Көңіл көтеру орнының жұмыс уақытының шектелуін қалайды.
«Біз дәмхана жабылсын деп тұрған жоқпыз. Уақытын шектеулеріңізді сұраймыз. Ұйқымыздың тыныш болғанын қалаймыз», – деді куәгер Ольга Зубарева.
Петропавл қаласы әкімінің орынбасары Қалия Төренова тұрғындарды қолдайды. Ол заңнамалық олқылықтар бұл мәселені шешуге кедергі екенін мойындап отыр.
«Бұл мәселе бірнеше ведомствоаралық комиссияларда қаралды. Заңда олқылық бар. Қауіпсіздік мәселесі күн тәртібінде тұр. Бірақ мекеме иесі әрекет етпей отыр. Ол «төбелестер кафеде емес, көшеде болады» дейді. Біз прокуратураға өтініш бердік, заңнамаға өзгеріс енгізу туралы сенаторлармен сөйлесіп жатырмыз. Мысалы, лицензиядан кәсіпкерді емес, мекемені айыру керек», – дейді қала әкімінің орынбасары.
Себебі бір кәсіпкер лицензиясынан айырылады да, орнына «танысы» келеді. Осылайша бәрі қайта басталады. Алайда кәсіпкерлік бөлімі бұған келіспейді. Олардың айтуынша, ешкім жеке бизнестің жұмысына араласа алмайды. Егер шектеу қойылса, онда кәсіпкердің құқығы бұзылады. Дәмхана басшылығы тұрғындарды түсінеді, бірақ олардың пікірін негізсіз деп санайды. Себебі тәртіп бұзушылықтар мекеме ішінде емес, сыртында орын алады екен.
«Дәмхана ішінде ешқандай құқықбұзушылық орын алмайды. Басшылық клиенттердің сырттағы әрекеттеріне жауапты емес. Біз оларды үйіне апарып тастай алмаймыз. Қоғамдық тәртіп – полицияның жұмысы», – деді дәмхана өкілі.
Сот бұл дәлелдерді жеткілікті деп тауып, тұрғындардың талабын қанағаттандырмады. Сонымен қатар, дәмханаға арыз жазған тұрғын Валентина Шуринова мекеме иесіне 150 мың теңге төлеуі тиіс. Себебі дәмхана басшылығы сотта адвокат жалдап қорғанған.
Тағы оқыңыз: СҚО-да орақ науқанына дайындық пысықталды