2023 жылы Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі шетелде тұратын этникалық қазақтар үшін арнайы құжат болып табылатын «Ата жолы» картасын әзірледі. Бұл карта оның иелеріне белгілі бір құқықтар мен артықшылықтар береді. Олар жайлы СҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы айтып берді, деп жазады Qazaqstan Media тілшісі.
«Ата жолы» картасы тарихи отанмен байланысты нығайтуға және шетелдегі отандастарды қолдауға бағытталған. Ол шетелдегі этникалық қазақтар үшін Қазақстанда бизнес жүргізу мақсатында көшіп келушілерге немесе талап етілген кәсіптері бар адамдарға беріледі.
«Ата жолы» картасының иегері мынадай артықшылықтарға ие болады:
- жеңілдетілген тәртіппен Қазақстан Республикасына кіру және болу;
- бизнеспен айналысу мүмкіндіктері;
- білім беру бағдарламаларына қолжетімділік (әр түрлі білім беру бастамалары мен бағдарламаларына қатыса алады).
«Картаны беру шетелде тұратын этникалық қазақтар үшін «Ата жолы» картасын беру қағидаларымен реттеледі. «Ата жолы» картасын алу үшін өтініш берушінің тұрақты тұратын немесе азаматтығы бар елде тіркелген жұмыс істеп тұрған бизнесі не сұранысқа ие мамандығы болуы тиіс», — делінген СҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы ұсынған ақпаратта.
Шетелдіктердің Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсат алуы үшін сұранысқа ие мамандықтар тізбесі:
— денсаулық сақтау саласында;
— жаратылыстану ғылымдары, математика және статистика инженерлік, өңдеу және құрылыс салаларында;
— цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі саласында;
— педагогикалық ғылымдар;
— креативті индустриялар саласында.
«Ата жолы» картасы он жылға дейінгі мерзімге беріледі, алайда, ол өтініш берушінің ұлттық паспортының қолданылу мерзіміне байланысты шектелетінін ескерген жөн.
«Ата жолы» картасының қолданысы:
- «Ата жолы» картасының иегері Қазақстан Республикасының азаматтығын алғаннан кейін;
- Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсат беруден бас тартылған не ол күшін жойған жағдайда;
- он жыл өткеннен кейін, бірақ азаматтығы бар ел паспортының қолданылу мерзімінен аспайтын мерзімге тоқтатылады.
СҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының хабарлауынша, 2023 жылдан бері «Ата жолы» картасын алуға өтініш түспеген.
Тағы оқыңыз: СҚО-да туберкулезбен ауырғандар саны азайды