Мамлют ауданында Астаның 25 жылдық мерейтойына арналған салтанатты шара өтті. Жиында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып жүрген бірқатар мамандар аудан әкімі Владислав Лукиннің алғыс хатымен марапатталды, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
“Астана – тәуелсіз мемлекетіміздің ең үлкен жетістіктерінің бірі. Бүгінде елордамыз барша әлем үшін дипломатияның орталығына айналып отыр. Астанада ауқымды халықаралық форумдар мен конференциялар өткізіліп тұрады. Құрметті, Мамлют ауданының тұрғындары, сіздерді Астана күнімен шын жүректен құттықтап, зор денсаулық пен мол бақыт тілеймін”, — деді Мамлютка қаласының әкімі Еркін Самарханұлы.
Бұл күні шаңырақ көтергеніне 25, 50 және 60 жыл толған отбасылар да құрмет-қошеметке бөленді.
Сонымен қатар, аудандық ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің басшысы Алмагүл Рамазанова «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының аудандық кезеңінің жеңімпаздарын марапаттап, сыйлықтар табыс етті. Айта кетсек, бұл сайыста 1-ші орынды Воскресеновка ауылдық округінде тұратын Жамаловтар отбасы жеңіп алды. 2-ші орын Бике ауылдық округінің тұрғындары Жұмашевтер әулетіне бұйырды. Ал, Сүттібаевтар жанұясы 3-ші орынға табан тіреді. Сондай-ақ, мереке аясында Мамлют мәдениет орталығының директоры Светлана Кузьмина “Үздік мәдениет мекемесі» байқауының жеңімпаздарына ақшалай сыйлықтар табыс етті.
Тағы оқыңыз: СҚО алқаптарында көбелек құрты қаптады