Солтүстік Қазақстан облысының Аққайың ауданында құрғақ өсімдіктерді өртеу кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарының бұзылғаны анықталды. Оқиға 2026 жылғы 28 наурызда Астраханка ауылының маңындағы Қаратомар орманшылығы аумағында болған, деп жазады Qazaqstan Media
Белгілі болғандай, «Аққайың орман шаруашылығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің қызметкерлері құрғақ шөпті өртеу жұмыстарын жүргізген. Алайда жұмыстар барысында жану орны тиісті бақылаусыз қалып, салдарынан өрт 0,3 гектардан астам аумаққа таралған.
Тексеру қорытындысы бойынша, өртеу кезінде өрт қауіпсіздігі талаптары толық сақталмаған. Атап айтқанда, жану ошағына бақылау жасалмаған, өрттің таралуына жол бермеу және тұтану ошақтарын жою бойынша қажетті шаралар қабылданбаған.
Аталған дерек бойынша ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 410-бабы 1-бөлігіне сәйкес «Аққайың орман шаруашылығы» КММ-не 64 875 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды.
Мамандардың айтуынша, құрғақ өсімдіктерді өртеу тек өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтаған жағдайда ғана жүргізілуі тиіс. Өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзу әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғады, ал отпен абайсыз жұмыс істеу ауыр зардаптарға соқтыруы мүмкін.
Тағы оқыңыз: Сәуірден бастап Қазақстанда бірқатар өзгеріс күшіне енеді

