СҚО-да аптап ыстық салдарынан жедел жәрдем қызметінің жұмысы көбейген. Дәрігерлер көмегіне, инфаркт, инсульт алған адамдар жиі жүгінетін болған, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Солтүстікте соңғы бір апта бойы күн күйіп тұр. Мұнда сынап бағанасы 40 градусқа дейін көтерілген. Ми қайнатар ыстықтың салдарынан ауруы асқынып, дәрігерлер көмегіне жүгініп жатқандар қатары артқан.
«Жедел жәрдем қызметіне күніне 450-500-ге жуық адам қоңырау шалады. Соның 150-ден астамы гипертония, инфаркт, инсульт сынды жүрек-қан тамыр жүйесінің ауруларына шалдыққандар. Күннің күрт ысып кетуіне байланысты қан қысымы көтеріледі. Адам терлеп, қаны қоюланады. Салдарынан тромб пайда болуы мүмкін», — дейді облыстық жедел медициналық жәрдем орталығы директоры Юрий Белоног.
Яғни, соңғы кездері инфаркт, инсультпен ауруханаға түсіп жатқандар қатары 20-25% — ға артқан. Сондықтан дәрігерлер сақтық шараларын естен шығармау керектігін еске салады.
Жүрек-қан тамыр жүйесінің ауруларына шалдыққандар уақытылы қажетті дәрілерін қабылдап, барынша сақтануы тиіс. Мүмкіндік болса осындай ыстық күндері далаға шықпай, салқын жерде отырғаны абзал. Көбірек су ішу қажет. Жоғары температура, әсіресе балалар мен қарт адамдар үшін қауіпті. Осы күндері қалада күн өтіп кетудің 10 жағдайы тіркелді», — деп мәлімдеді Юрий Белоног.
Тәжірбиелі маман адамға күн өткенде қандай көмек көрсету керектігін де айтып өтті. Ең алдымен, оны көлеңкеге жатқызып, бетіне су шашқан дұрыс. Науқас есін жиса, оған шамалы мөлшерде су беру қажет. Кейін дәрігер шақырту керек.
Тағы оқыңыз: Пайғамбарымыздың шашы Қызылжар жеріне жеткізілді