ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің СҚО бойынша департаменті спорт саласындағы жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізеді, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Талдау департаменттің, мүдделі мемлекеттік органдардың қызметкерлерімен және азаматтық қоғам өкілдерімен жүргізілетін болады. Тексеріспен облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы, оның ведомстволық бағынысты ұйымдарының спортты қаржыландыру мәселелері жөніндегі қызметі толығымен қамтылмақ.
«Аналитикалық жұмыс шеңберінде спорттық іс-шараларды, жиындарды, жабдықтарды, спорттық тамақтануды сатып алуды, шетелдік іссапарларды ұйымдастыруды, сыйақыларды, спорт объектілерін салуды, сондай-ақ спорт федерациялары мен кәсіби клубтарды ұстауды қамтамасыз ететін бюджеттік және бюджеттен тыс көздер зерделенетін болады», — делінген жазбада.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет азаматтарды талдау жүргізуге қатысуға шақырады.
«Егер сізде жемқорлық тәуекелдері туралы ақпарат болса немесе спортты қаржыландыру саласын жетілдіру бойынша ұсыныстарыңыз болса, оларды «Талдау» белгісімен upd.sko@antikor.gov.kz электрондық поштасы арқылы немесе 36-24-49, 70-13-83 телефон нөмірлері бойынша беруге болады», — деп көрсетілген ведомствоның баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Тағы оқыңыз: 2024 жылы зейнетақы мен жәрдемақылар қалай өседі?