Болгарияда күрес түрлерінен әлем чемпионаты өтіп жатыр. Байрақты бәсекеде жерлесіміз Анна Стратан айды аспаннан бір-ақ шығарып қола жүлдеге ие болды, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Жерлесіміз 57 келіге дейін салмақ дәрежесінде өнер көрсетті. Ол дода бойы жеңіске деген ерік-жігерімен көзге түсті. Нәтижесінде қола жүлдеге ие болды.
Жарыс Болгарияның Самокова қаласында өтіп жатыр. Теріскейлік палуан жартылай финалға дейін қарсыластарын қоғадай жапырды. Тек ақтық сынға жолдама берілетін белдесуде норвегиялық спортышыға есе жіберді.
Бұл жеңіліс Аннаға кері әсерін тигізбеді. Жерлесіміз жиналып, қола медаль үшін шайқаста Швеция елінің палуанынан 9 да 1 есебімен басым түсті.
Айта кету керек, Анна Стратан бұған дейін әлем чемпионатында қола жүлде еншілеген. Дүбірлі додада атой салған спортшыны СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов құттықтады.
«Анна мен оның бапкері Руслан Дәулетовке жаңа биіктер мен жарқын жеңістер тілеймін! Маңызды жүлдемен шын жүректен құттықтаймын! Бұл – жеке жетістік қана емес, өңіріміз бен еліміз үшін үлкен жеңіс!» деп жазды Ғауез Нұрмұхамбетов әлеуметтік желіде.
Тағы оқыңыз: Қызылжар ауданында баъраконьерлер электр тоқпен балық аулаған