Солтүстік Қазақстан облысына қарасты Мамлют ауданында «Таза бейсенбі» акциясы өтті. Оның аясында AMANAT партиясының белсенділері зейнеткерлердің аулаларын қардан тазалап, көмек көрсетті, деп жазады Qazaqstan Media тілшісі.
Партия белсенділері қыс мезгілінде қарт адамдарға ерекше көңіл бөледі. Себебі, зейнеткерлер өз бетінше қар тазалай алмайды. Сондықтан еріктілер оларға әрдайым көмек қолын созып, қамқорлық танытады. Айта кетейік, қыс мезгілінде қар тазалау бойынша өтініш — AMANAT партиясының филиалдарына жиі келіп түседі.
«Біз әрдайым көмекке мұқтаж жандарға қолдау көрсетуге дайын тұрамыз. Қыс уақытында оларға жүріп-тұру қиынға соғады. Сондықтан қар жауған кезде бірден көмекке келеміз. Акция аясында үй шаруасына да жәрдемдесеміз», — деп атап өтті AMANAT партиясының Мамлют аудандық филиалының атқарушы хатшысы Алтын Сағитова.
Бұл күні белсенді жандар аудан орталығындағы «Достық» саябағын да қардан тазалады. Ұйымдастырушылардың айтуына қарағанда, «Таза бейсенбі» акциясы апта сайын ұйымдастырылуда. Жалпы, өткен жылы Мамлют ауданында «Таза Қазақстан» жобасы аясында 150-ден астам сенбілік өткізіліп, оларға шамамен 8 мың адам қатысты.
Тағы оқыңыз: Көлікті 5 минуттан артық қыздыруға қатысты ереже қайта қаралады