Петропавлда қазақ күресінен «Қызылжар барысы» облыстық турнирі өтті. Оған өңіріміздің түйе палуандары қатысып, мықтыны анықтады, деп жазады Qazaqstan Media тілшісі.
Биылғы жарысқа 13 аудан мен Петропавл қаласынан 30 спортшы қатысты. Боз кілемде белдескен спортшылардың салмақтары 95 келіден асады. Түйе палуандар республикалық «Қазақстан барысы» жарысына жолдама алу үшін барын салды. Биыл үздік үштіктің қатарына Шал ақын ауданының намысын қорғаған Батырхан Қайырбек кірді. Ол ақтық сында сүрініп, қола медальға ие болды. Күміс жүлдені Қызылжар ауданынан шыққан Әділет Мырзаш алды. Ол алғаш рет үлкен сында бақ сынап, үздіктер қатарына еніп отыр. Ал бірінші орынға Уалиханов ауданының тумасы, осыған дейін де шеберлігі және ептілігімен көзге түскен Алтынбек Аусағитов ие болды. Оған «Қызылжар барысы» белдігі сыйланды. Сонымен қатар жеңімпаздарға ақшалай сыйлықтар берілді. 2024 жылғы жүлде қоры бір миллион теңгені құрайды. Енді Алтынбек Аусағитов пен Әділет Мырзаш «Қазақстан барысы» додасында өңір намысын қорғайтын болады.
Тағы оқыңыз: Су тасқыны кезінде белсенді еңбек еткен Уәлиханов ауданының құтқарушылары марапатталды