Полицейлер интернет-алаяқтық жасады деген күдікпен 29 жастағы петропавлдықты ұстады. Ол екі мыңнан астам SIM-картаны сатып алып, шетелге жіберіп отырған. Оның басқа да істерге қатысы бар екені анықталды, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Астана қаласының тұрғыны өзін ішкі істер органдары және банк қызметкерлері ретінде таныстырған адамдардың алдап кеткендігін айтып полицияға жүгінген. Ол алаяқтарға 6,5 млн теңгесін беріп қойған. Елордалық прокурорлардың қадағалауымен өткен арнайы операция барысында 1996 жылғы Петропавл қаласының тұрғыны ұсталған. Ол SIM-карталарды сатып алып, тіркеп, кейін көрші мемлекетке жеткізіп отырған. Осылайша, алаяқтарға көмектескен.
«Кейін осы SIM-карталар арқылы алаяқтар қазақстандықтарға хабарласып, оларды алдап отырған. Қоңырау шалушылар өздерін құқық қорғау органдары, коммуналдық және банк қызметкерлері ретінде таныстырған. Операция барысында ел тұрғындарына тіркелген екі мыңнан астам SIM-карта анықталды. Оларды жеткізген сайын жігіттің жеке крипто әмиянына криптовалюта түсіп отырған», — деп хабарлады ІІМ баспасөз қызметі.
Ер адам уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оның басқа да осындай жағдайларға қатысы бар екені анықталды.
Тағы оқыңыз: Петропавлдағы жол апаты: Тағы бір адам ауруханада көз жұмды