Полицейлер Қазақстанның бірнеше қаласында sim-box жабдықтарының заңсыз жұмыс істеуін анықтады. Бұл тізімде Петропавл да бар, деп жазады Qazaqstan Media.
Sіm-box қылмыскерлерге әлемнің кез келген жерінен алаяқтық қоңыраулар жасауға мүмкіндік береді. Тек жабдықтың өзі сол мемлекетте орналасуы және жергілікті байланыс операторларының трафигін пайдалануы жеткілікті.
Осыған дейін sim-box жабдықтары ірі қалаларда тәркіленіп келген еді. Қазір қаскөйлер оларды моно қалаларда да жүзеге асырып келеді. Тек бір күнде Балқаш, Тараз, Екібастұз және Петропавл қалаларында киберполиция бөліністері прокуратурамен және ұялы байланыс операторларымен бірлесіп, sim-box жабдықтарының заңсыз жұмысын әшкереледі.
«Операция барысында төрт адам ұсталды, олардың екеуі көрші мемлекеттің азаматтары. Тінту кезінде алты sim-box құрылғысы, 24,5 мыңнан астам sim-карта және перифериялық жабдық тәркіленді», — деп хабарлайды ҚР ІІМ баспасөз қызметі.
Ұсталғандарға интернет-алаяқтарға көмектескені үшін 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделеді.
Тағы оқыңыз: Петропавлда көлігіне жалған нөмір таққан жүргізуші ұсталды