Солтүстік Қазақстанда заңсыз кен өндірісімен айналысқан бизнесмен мен оның баласы және осы іске қатысты айыпталып отырған тағы екі азамат қайтадан қамауға алынды. Мұндай шешімді прокурорлардың апелляциялық шағымын қараған облыстық соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы шығарды, деп жазады Qazaqstan Media тілшісі.
Еске сала кетейік, желтоқсанның 5-і СҚО қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында алқабилер заңсыз кен өндірісімен айналысқан Виктор Долгалев пен оның баласы Данилды ақтап шыққан болатын. Осы іске қатысы бар Сағат Құрманбаев пен Тимур Сәдуақасов та кінәсіз деп танылып, сот залынан босатылды. Мұндай шешіммен келіспеген прокурорлар апелляциялық шағым түсірді. Оны қарастырған облыстық соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы бірінші сатыдағы сот үкімінің күшін жойып, істі қайтадан қарауға жіберді. Олардың барлығы сот залында қамауға алынды.
Кейін облыстық соттың судьясы жиналғандарға неліктен мұндай шешімнің шығарылғандығын түсіндірді. Олардың сөзінше, бірінші сатыдағы сот отырыстары кезінде алқабилерге қысым көрсетілген. Мұндай жағдай өңірде бірінші рет тіркеліп отыр.
«Алқабилердің барлығы қарашаның 6-сы күні өтініш тастаған. Олар өздеріне жұмыс орнында, балалары арқылы қысым көрсетілгендігін айтқан. Алайда бірінші сатыдағы сот бұл өтінішке назар аудармаған. Судья тіпті, қандай тарап, кімнің және қалай қысым көрсеткенін анықтамаған. Яғни, сот алқасы қылмыстық іс жүргізу заңы бұзылды деп санайды», — деп түсіндірді облыстық соттың судьясы Нұрлан Нұралин.
Айта кетейік, облыстық соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы осымен төртінші істі қайта қарауға жіберген. Олардың барлығында алқабилер қылмыс жасады деп айыпталғандарды ақтап шыққан.
Тағы оқыңыз: Петропавлда 200 арнайы техника қар тазалап жүр