Медицина саласында мамандығын жай ғана кәсіп емес, өмірлік мұрат деп қабылдайтын жандар бар. Солардың бірі – Айыртау аудандық ауруханасының невропатологы Алмагүл Қатранқызы Бейсенова. Оның кәсіби жолы туған жердің тыныс-тіршілігімен, аудан тұрғындарының денсаулығымен тығыз байланысты, деп жазады Qazaqstan Media.

Алмагүл Бейсенованың медицинадағы жолы мектеп бітіргеннен кейін басталды. Ол Көкшетау медициналық училищесінің фельдшер бөліміне оқуға түсіп, алғашқы білім мен тәжірибе алды. Оқу орнын тәмамдаған соң жас маман туған өлкесіне оралып, Айыртау аудандық ауруханасында еңбек жолын бастайды. Үш жыл бойы балалар бөлімінде және жедел жәрдем қызметінде медбике болып жұмыс істеп, дәл осы кезеңде өзінің шын таңдауы дәрігерлік мамандық екенін анық түсінеді.

Арманға жету жолы бірден ашыла қойған жоқ. Араға төрт жыл салып барып, Алмагүл Қатранқызы 1986 жылы мақсатты жолдамамен Алматыдағы С. Д. Асфендияров атындағы мемлекеттік медицина институтына оқуға түседі.

«Институтты аяқтағаннан кейін қайтадан туған жерге келдім. Аудандық ауруханада алғашында терапевт дәрігер болып жұмыс істедім. Уақыт өте келе неврология саласына ауыстым. 1994 жылы Алматыдағы Дәрігерлер білімін жетілдіру институтында неврология бойынша алғашқы маманданудан өтіп, содан бері осы салада табысты еңбек етіп келемін», -дейді кейіпкер. 

Содан бері Алмагүл Қатранқызы Айыртау аудандық ауруханасында невропатолог қызметін атқарып келеді. Ол үшін медицина тек қызмет емес, өмірінің ажырамас бөлігіне айналған. 

«Жұмыссыз отырсам, бірдеңе жетіспей тұрғандай болады. Дәрігерлік адреналинді сағынамын. Аудандық ауруханадағы невропатологтың жұмысы тек қабылдау бөлмесімен шектелмейді. Бұл – ауылдарға шығу, профилактикалық тексерулер жүргізу, күрделі жағдайда науқастарға көмек көрсету», – дейді ол.

Көп жылғы еселі еңбегі елеусіз қалған жоқ. Дәрігер денсаулық сақтау саласына сіңірген еңбегі үшін «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісімен және «Медициналық қызметті дамытуға қосқан үлесі үшін» медалімен марапатталған. Дегенмен, дәрігер үшін ең үлкен марапат – пациенттердің сенімі. 

Тағы оқыңыз: Петропавлда «Қауіпсіздік мектебі» акциясы бастау алды

Поделиться:

Shares

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *