Петропавл қаласының шеткі аудандарының бірі Солнечный-2 шағын ауданының тұрғындары да «Таза Қазақстан» экоакциясына өз үлестерін қосты. Олар сенбілік ұйымдастырып, өздері тұрып жатқан ауданды күл-қоқыстан тазартты, деп жазады Qazaqstan Media тілшісі.
Солнечный- 2 шағын ауданы облыс орталығында шеткі орналасқан аудандардың бірі. 300-ге жуық отбасы тұрады. Күн жылынып, сенбілік ұйымдастыруға ыңғайлы сәт туғасын-ақ тұрғындары бір адамдай келісіп тазалық акциясын өткізуге келісті. Жергілікті WhatsApp топта жазылған хабарландыруға бірнеше ондаған адам үн қосып, сенбі күні экологиялық акцияға шықты.

«Сенбілік ұйымдастыруды тұрғындармен ақылдастық. Күннің жылынғанын, жердің кепкенін күттік. Сосын бәрімізге ыңғайлы күнді таңдап, алдын-ала хабарландыру жаздық. Тұрғындар қолдады. Мысалы Баян, Ирина, Сәуле деген келіншектер шықты. Қоқысты Алмас, Фархад, Қуаныш және Мұхтар деген жігіттер көліктерімен шығарды. Өзге де тұрғындар болды. Бірақ, олардың есімдерін білмейді екенмін »- дейді Солнечный-2 шағын ауданының тұрғыны Инеш.
Қолдарына кетпен-күрек алмаса да, жол жиегіне шашылған қоқыстарды, түрлі тәттілерден қалған қағаз қалдықтарды жиыстырды. Оларды қапқа салып, арнайы белгіленген орынға жиыстырып, ал көлігі барлар қоқысты сыртқа шығарды. Осылайша тұрғындар ауызбіршіліктің арқасында өздері тұрып жатқан ауданның тазалығын қамтамасыз етуде. Мұндай сенбіліктер, тазалық жұмыстарына аудан тұрғындары қуана қатысады.

«Тазалық өзімізден басталады. Үйіміздің маңын, көшені қоқысқа толтырмай тазау ұстау қиын емес. Әр адам қоршаған ортаға немқұрайлы қарамау керек. Балаларымыз таза жерде ойнаса, таза ауамен дем алсақ жақсы емес пе?! Сондықтан экоакцияларға қатысудан қашпай қолдау керек»,-дейді аудан тұрғыны Мұхтар Қалиев.
Өзгеден көмек күтпей-ақ, өздері сенбілік ұйымдастыру Солнечный-2 шағын ауданының тұрғындары дәстүрге айналдырған. Мұндай экоакцияларды олар күз мезгілінде де ұйымдастырады. Ал қыс уақытында аулалардан, көшеден қар шығаруға да қатысады.

Тағы оқыңыз: СҚО-да «Уалиханов барысы» жеңімпазы анықталды