Петропавлда Абай Құнанбаевтың 180 жылдығына және Халықаралық жастар күніне орай облыстық конференция өтті. Шараға өңірдің түкпір-түкпірінен келген 200-ге жуық жас педагог қатысты, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Шара Петропавлдағы ұлы ақынның аты берілген қазақ мектеп-гимназиясында өтті. Білім ұясында «Абай орталығы» жұмыс істейді. Бүгінде ұйым 6 бағытта жұмыс істейді. Мұнда «Абайтану» сабағы өтеді. Бас ақын жайлы деректер жеткілікті. Биылғы мерейтойға орай көрме де қанат жайған.
200-ге жуық жас маман бас қосқан ауқымды шараға мұрындық болып отырған — облыстық білім басқармасының әдістемелік орталығы. Қазақ әдебиетінің жарық жұлдызының мерейтойына арналған мұндай ауқымды конференция биыл өңірімізде екінші рет өткізіліп отыр.
«Біздің басты мақсатымыз — ұлы ойшылдың рухани мұрасын жастар тәрбиесінде пайдалану. Өскелең ұрпаққа адамгершілік, ұлттық құндылықтар мен парасаттылықты үйреткіміз келеді. Жыл соңына дейін Абай атамызды дәріптеуді жалғастыра береміз»,-деді СҚО білім басқармасы әдістемелік орталығының әдіскері Балерке Сәдуақасова.
Облыстық конференция барысында бірнеше адам терең мағыналы баяндама оқыды. Олар Абайдың өміріне, Абайдың шығармашылығына терең бойлады. Алқалы жиын мерекелік концертпен жалғасып тапты.
Тағы оқыңыз: Петропавлда Абай күніне арналған мәдени шара өтті