Қазақстанда мұғалімдердің құқығын қорғауға арналған жаңа заң жобасы әзірленді. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Асхат Аймағанбетов хабарлады, деп жазады Qazaqstan Media тілшісі.
Аймағанбетовтің айтуынша, енді мұғалімдер құжаттарды бірдей уақытта қағазда және электрон жүйеде толтыруға мәжбүр болмайды. Бұл ұстаздардың көп уақыт жұмсайтын басты проблемаларының бірі.
«Қайталанатын есепке – тоқтау. Қағаз ба, цифр ма – біреуін ғана толтыру. Сонымен қатар, бір рет бір жүйеге енгіздің бе? Жетеді. Күнделік немесе НОБД немесе Bilimland-тің біреуіне ғана енгізілген дерек бірнеше жүйеде қайталанбауға тиіс», — деп жазды ол.
Өзгерістер мұғалімдерді әлеуметтік желіде парақша жүргізуге, сабақтан фото немесе видео жариялауға мәжбүрлеуге тыйым салады. Әрине мұнымен ата-аналар келіспеуі мүмкін. Бірақ, педагог тек баланы білім нәрімен сусындатуға міндетті.
«Бұл – тек еркімен. Чаттар мен хабарламалар – тек ресми LMS жүйелері мен электрон поштада. Мұғалім тәулік бойы чаттарда арпалысып отыратын модератор емес», — деп жазды ол.
Қазір бала мектептің сыртында немесе тыс уақытта жазатайым оқиғаға ұшырап, жарақат алса педагог жауап беретін. Бұл — өте қате түсінік. Заң жобасында «міндетіне жатпайтын функциялар» ұғымы бекітіліп, мұғалімдердің оқушылардың мектептен тыс әрекеттері үшін жауап бермейтіні нақты көрсетіледі.
«Мектептен тыс жағдайға мұғалім жауап бермейді. Ол күзетші де, детектив те емес», — деді Мәжіліс депутаты.
Сондай-ақ, жаңа заң аясында мектеп пен ата-ана арасындағы келісімнің мәртебесі күшейеді. Себебі, балаға екі жақтап тәрбие арқылы ғана жетістікке жетуге болады.
«Тәрбие – ортақ іс. Бар ауыртпалық мұғалімге ғана түспеуі тиіс. Енді ата-аналар мен мектеп осы келісімшартты қатаң ұстануға міндетті болады», — деп атап өтті Аймағанбетов.
Заң жобасы педагог мәртебесіне қатысты заңнаманы бұзғандар үшін айыппұлдарды көбейтіп, физикалық және психологиялық қысымнан қорғау кепілдіктерін енгізуді қарастырады.
Тағы оқыңыз: Азық-түлік келісімшарт корпорациясы 2025 жылғы астық бағасын жариялады