СҚО-да аң аулау маусымы басталады. Тамыздың 26-нан бастап аңшылар жабайы құстарға тұзақ құрып, қанаттыларды ата алады, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Облыста 8,5 млн гектарға жуық алқапта аң аулауға рұқсат етілген. Оларда 42 аңшылық шаруашылық бар. Биыл өңірде аңшылық маусымы ертерек басталмақ. Бірақ қару ұстағандар шектеудің бар екенін ұмытпағаны абзал.
«Биыл 500-ге жуық борсық пен 6 мыңнан аса қоянға, 700-ге жуық суырға аңшылық құруға болады. Ірі жабайы аңдарды атуға да шектеулі квота бөлінген. Айтар болсақ, осы жылы 354 қабан, 11 марал мен 22 бұланды аулауға рұқсат. Құстарды атуға да квота бөлінген. Мысалы, биыл 6639 қаз, 40 мыңнан аса жабайы үйректі, 820 қарақұйрықты, 900-ден аса бөденені аулауға болады», — дейді облыстық орман шаруашылығы және жануарлар әлемі аймақтық инспекциясының бөлім басшысы Олег Беспалов.
Аң аулағысы келетін азаматтар ең алдымен ресми тіркеліп, аңшылық билеттерін алулары шарт. Егерде заңсыз оқ атып, тұзақ құратын болса жауапкершілікке тартылады. Мәселен, аң аулау тәртібін бұзса 5 АЕК көлемінде айыппұл төлейді. Егерде елікті заңсыз ататын болса, 1 млн 200 мың теңге айыппұл арқалайды. Оған қоса қылмыстың іс те қозғалады.
«Өткен жылы заңсыз аң аулаудың 18, ал биыл 7 фактісі тіркелді. Олардың барлығы бойынша іс қозғалды. Көбінің ісі сотқа жетіп, айыпталушылар жауапқа тартылды. Сібір елігін заңсыз аулаған 2 күдікті 2 жылға бас бостандығынан айырылды. Оларға қатысты сот шешімі жуырда шықты», — дейді Олег Беспалов.
Тағы оқыңыз: «Аю тас» лагерінде шалақындық ардагерлерге демалыс ұйымдастырылды