Аққайың ауданында халық игілігі үшін бірнеше әлеуметтік нысан салынып, жөндеу көруде. Маңызды істердің барысымен облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов танысты, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Аққайың ауданы Смирново ауылында хоккей корты салынып жатыр. Құрылыс жұмыстары шілдеде басталған. Жоба құны — 374,4 млн теңге. Нысан 38 адамға шақталған. Кешен салауатты өмір салтын ұстанам деуші жандарға таптырмас нысан болмақ.
«Аққайың ауданы тұрғындарының 42 пайызы спортпен кәсіби түрде шұғылданады. Толағайларымыз да жетерлік. Биыл өткен облыстық спартакиадаларда жоғары орындардан көріндік»,- деді Аққайың ауданының әкімі Жанар Құсайын.
Білім саласы да назарсыз қалмаған. Аудан орталығындағы №3 Смирново орта мектебі күрделі жөндеу көруде. Маңызды іске 232 млн теңге бөлінді. Осының арқасында 1988 жылы ашылған оқу орны адам танымастай өзгерді.
«Еліміздің болашағы — жастардың қолында». Балаларға арналған әр іс сапалы жасалуы тиіс. Ең бастысы сапаға мән беріңіздер»,- деді облыс әкімі.
Алда жылыту маусымы келе жатыр. Өңір жетекшісі ауданның маңызды кезеңге дайындығын тексерді. Аталған аймақта 76 қазандық бар. Әлеуметтік нысандарға 25 мың тонна көмір қажет.
«Ауданда қазандықтар бойынша мәселе жоқ. Барлығы толығымен дайын. Қажетті қаражат бөлінді. Барлық әлеуметтік нысандарға көмір жеткізілді»,- деді аудан әкімі Жанар Құсайын.
Тағы оқыңыз: Қазақстанда 24 қыркүйектен бастап 2011 жылғы үлгідегі 5 000 теңгелік банкноттардың айналымы тоқтайды